Қылмыстық кодекстен Назарбаевқа қатысты бап алынып тасталады
Қылмыстық кодекстен Назарбаевқа қатысты бап алынып тасталады
14,401
оқылды
Қазақстан заңнамасынан елдің Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаевты қорлағаны үшін жауапкершілік туралы жеке норма алынып тасталады. Қылмыстық кодексте Президенттің ар-намысы мен қадір-қасиетіне қол сұғылмаушылық туралы жалпы бап қалады. Бұл туралы Сенат отырысынан кейін Әділет министрі Қанат Мусин айтты.
«Конституцияның 46-бабы жалпы нормаға келтіріледі, онда Президенттің ар-намысы мен қадір-қасиетіне қол сұғылмайды», - деді Мусин журналистерге
Ол ұлт көшбасшысын қорлау туралы жеке бап жойылатынын мәлімдеді.
«Ел Президентін қорлау туралы басқа бап бар, ол қалады, ал Елбасы туралы бөлек бап болмайды. Қылмыстық кодексте Президенттің ар-намысы мен қадір-қасиетін қорлағаны үшін жауапкершілікті көздейтін жалпы бап қалады, бөлек болмайды», - деп нақтылады министр.
Сондай-ақ Әділет министрі Назарбаев жауапқа тартылуы мүмкін бе деген сұраққа жауап берді.
«Конституция бойынша Қазақстан Президенті тек мемлекетке опасыздық жасағаны үшін ғана емес, басқа қылмыстар үшін де жауапқа тартылады», - деп жауап берген Мусин Назарбаевқа қатысты қылмыстық іс қозғалмайтынын айтты.