Алматылықтар қаржы пирамидасына алданып, 2 миллион доллар ақшасынан айырылды
Алматылықтар қаржы пирамидасына алданып, 2 миллион доллар ақшасынан айырылды
330
оқылды
Қаржы мониторигі агенттігі Алматы қаласының аумақтық департаменті қалалық прокуратурамен бірлесіп The Finiko қаржы пирамидасы филиалының басшылығына қатысты сотқа дейінгі тергеу жүргізіп жатыр. Бұл туралы Қаржылық мониторинг агенттігінің ресми өкілі Әлібек Әбділов хабарлады.
«Finiko ұйымдастырушыларына қатысты сотқа дейінгі тергеу кезінде 300-ден астам адам арыз берген. Қазір жиналған қаржы көлемі 1,8 млн АҚШ долларын немесе 630 млн теңгені құрады. Аталған компания Thefiniko.COM бағдарламасы арқылы адамдарды қаржы пирамидасына тартқан. Ал жиналған қаражатты қатысушылар мен ұйымдастырушылар өзара бөліске салған», – деді ол.
Ресми өкілдің сөзінше, Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің қорытындысына сәйкес, Thefiniko симулятор деп танылған. Қатысушылар бұл бағдарламаны сауда мен инвестициялау алаңы деп ойлап, ақша салған. Ал шын мәнінде компания Дүниежүзілік қор биржаларында тіркелмеген.
«Қылмыстық іс бойынша үш адам қамауға алынып, қаржы пирамидасының заңсыз қызметіне басқа тұлғалардың қатысы анықталуда. Осыған байланысты ҚМА азаматтарды қырағы болуға және жинақтарын күмәнді қаржы институттарына салмауға шақырады. Егер сіз немесе сіздің туыстарыңыз The Finiko әрекетінен зардап шеккен болса, агенттіктің сенім телефонына хабарласыңыз», –  деді Әбділов.