Қостанай облысында мердігер компания Ахмет Байтұрсынұлы туған үйді сүріп тастаған
Қостанай облысында мердігер компания Ахмет Байтұрсынұлы туған үйді сүріп тастаған
Видеодан скриншот
818
оқылды
Ұлт ұстазы – Ахмет Байтұрсынұлы дүниеге келген үйді мердігерлер бұзып тастаған. Бұған дейін үйдің іргетасы тұрған, енді оның ізі де қалмаған. Ал жергілікті билік бұзылған үйде Ахмет Байтұрсыновтың дүниеге келмегенін алға тартып отыр, – деп хабарлады «Хабар 24» арнасы.
«Мына арада Ахметтің бұрынғы үйінің ізі болған. Іргетасы қара шымнан, кесектен салынған еді. Міне, қарап отырсаңдар жобасы осы жерден. Мына  арада пешпен бөлінген еді. Сол пешпен бөлінген бұрышта әжеміз Ахмет атамызды дүниеге әкелді-ау деп өзіміз ойлайтын едік. Астан-кестеңі шыққан. Ізі де қалмаған. Ахметтің өзімізде бар ең соңғы ескерткішінен айырылып қалып тұрмыз», – деді Ахмет Байтұрсынұлы ауылының тұрғыны Жақсыбек Әбдісалық.
Жермен жексен болған аумақта былтыр екі бөлмелі үй болған. Ауыл жұрты Ахмет Байтұрсынов Сарытүбектегі осы баспанада дүниеге келді дейді. Үйді ескерткіш ретінде тұрғындар 2009 жылы іргетастың үстінен арнайы салған екен. Бір ай бұрын Ұлт ұстазы туған үй толық бұзылды. Алаш арысының 150 жылдық мерейтойы қарсаңында жалғыз ескерткіш сүріліп тасталған. Мамыр айында үйді қайта жаңарту үшін тендер жарияланып, мердігер жұмысқа кіріскен. Алайда 22 млн теңгенің құрылысы орта жолда тоқтап қалған. Нысанда сапасыз материалдар пайдаланғаны туралы видеолар әлеуметтік желіге тарап, дау шыққан. Жауапсыз мердігермен келісім жойылып, ол ақша алып үлгермегендіктен іс сотқа жетпеген.
«Саман кірпіштен қайта құйылған үй. Былайша айтқанда, көріксіз, заман талабына сәйкес келмейтін, әрі қарай қалпына келтіруге мүмкіндігі жоқ үй болатын. Ол дәл Ахмет Байтұрсынұлының туған үйі емес. Соның іргесінің негізінде көтерілген үй. Үлкендердің айтуынша, ауыл адамдары өзі қалаған үй. Сондықтан Ахмет Байтұрсыновтың туған үйін жер бетінен ысырып тастады деуге келмейді. Тарихи шындыққа жанаспайды», – деді Мәдениет басқармасының басшысы Ерлан Қалмақов.
Қазір сүрілген аумақ тегістеліп жатыр. Жаңа үйдің құрылысы жобаланып қойған. Қыркүйекке дейін салынып бітуі тиіс.
«Жоба бойынша 149 шаршы метр. Тұрғын үйді музей үй етіп, қайта қалпына келтіру жұмыстарын жүргізеді. Жобасы 20 маусымда алынады. ПСД-ны жобалауға 1,2 млн теңге демеушілер атынан істеледі. Ал енді үйдің құны 37 млн боп тұр. Сараптамаға дейін әлі өзгереді», – дейді Жангелдин ауданы құрылыс бөлімінің басшысы Әділбек Иманғалиев. «Құлаған зат қайтып тұрмайды ғой. Қанша зарлағанымен, ол қайтып келмейді. Ендігі салатын адам дұрыстап салса, көрнекі қылып. Бөлінген ақша аз емес», – деді Ақкөл ауылының тұрғыны Кәдіржан Бөрібайұлы.
Ал Ахметке арналған кесене керісінше сапалы, әрі қымбат Жаңаөзеннен әкелінген теміртастан салынып жатыр. Ақкөл мен Ахмет ауылы халқының бастамасымен екі аптадан кейін тұрғызылып бітеді. Оған 10 млн теңге жұмсалған. Алыстан көз тартатын нысанның аумағы 70 шаршы метр  болады. Биіктігі 7 метрден асады. https://www.youtube.com/watch?v=8pj8g4edcy8