"Дикий Арман" қаңтар оқиғасы кезінде 24 бейбіт тұрғынды ұрлап, күштеп ұстап отырған
"Дикий Арман" қаңтар оқиғасы кезінде 24 бейбіт тұрғынды ұрлап, күштеп ұстап отырған
699
оқылды
«Дикий Арман» қаңтар оқиғасы кезінде 24 адамды Ritz Carlton және «Қазақстан» қонақүйлерінің паркингтерінде ұстаған. Бұл туралы Бас прокуратураның 1-қызмет бастығы Cерік Шалабаев Орталық коммуникациялар қызметіндегі брифинг барысында айтты. Брифингте 1-қызмет бастығы қылмыстық ортадағы тұлғалардың қаңтар оқиғасына белсене қатысқаны белгілі болғанын мәлімдеді.
«Қылмыстық ортада кеңінен танымал «Дикий Арман» лақап атты Жұмакелдиев пен оның сыбайластарының рөлі ерекше. Атап айтқанда, 6 қаңтарда оның қылмыстық тобына қатысушылардың бірімен Алматы қаласындағы «Қазақстан» қонақүйіне келген қылмыскерлерге Glock және «Макаров» маркалы тапаншалар таратылған. Осы уақытта қаруланған қылмыскерлер ұйымдастырушы мен оның қарамағындағы адамдардан тиісті нұсқаулар алған. Олар серіктестерін 10 адамнан тұратын топтарға бөліп, жоспарланған қылмыстарындағы рөлдерін анықтады. Іштерінен «басшылары» тағайындалып, оларға бронежилеттер, бастарына арналған қорғаныс құралдары, атыс қаруы және 200 мың теңге ақша берген», – деді ол.
Серік Шалабаевтың айтуынша, «Дикий Арман» серіктестеріне суық қару, дубинка және денеге зиян келтіретін басқа заттармен қарулануды тапсырған. Айрықша белгі ретінде барлық қатысушылардың сырт киімінің жеңіне ақ мата таққан.
«Аталған қарулы топтар қаланың әртүрлі нүктелерінен 24 азаматты ұрлап, оларды ұрып-соғып, Ritz Carlton және «Қазақстан» қонақүйлерінің паркингтерінде ұстаған. Кейіннен жәбірленушілер қала шетіне жеткізіліп, қылмыскерлердің қарулы күзеті қойыла отырып, металл контейнерге орналастырылған. Дене жарақатын келтіру нәтижесінде жәбірленушілердің бірі қайтыс болды. Көрсетілген қылмыстарды жасағаны үшін 40 күдікті тұлға қамауға алынды. Қалған қылмыстық топ қатысушыларын анықтау бойынша жұмыстар жалғасуда», – деді Серік Шалабаев.