Бұл кафе қаладағы Момышұлы көшесінің бойында, Райымбек даңғылынан төмен орналасқан. Қазақ тілінде ас мәзірін сұраған қала тұрғыны Дина Имамбаеваға "Сәнім" кафесінің әкімшілігі: "Қазақша меню жоқ, болмайды да! Орыс тілі бізге жеткілікті. Орыс тілі - халықаралық тіл! Ол қазақ тілімен бірдей қолданылады”, – деп жауап берген.
"DALA инсайд" Telegram арнасы осы қылығымен "Сәнім" кафесі Қазақстан заңын өрескел бұзып отырғанын жазды және кез-келген азамат шағым түсірсе, немесе прокуратура органдарын шақырса, айыппұл төлейтін болады деген пікірде.
«Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне көрнекі ақпарат және діни қызмет мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заңына Мемлекет басшысы 2021 жылы 30 желтоқсанда қол қойған еді. Содан бері хабарландырулар, жарнама, прейскуранттар, баға көрсеткiштерi, ас мәзірлері, нұсқағыштар және басқа да көрнекi ақпарат міндетті түрде мемлекеттік тілде болуы тиіс. Ал басқа тілде жазу кәсіпкердің өз еркі, бірақ қазақ тілінде болуы міндетті", – деп жазды ақпарат көзі.
Осы орайда PR клубы және басқа да қоғамдық ұйымдар кәсіпкерлерге жарнама мен ас мәзірін қазақ тіліне тегін аударып беруге дайын екендіктерін хабарлаған болатын.
"Бір қызығы, "Сәнім" кафесі халал болып табылады. Даяшы қыздар орамалға оранып, жігіттер тақия киеді. Бірақ өздері тұратын елдің мемлекеттік тіліне мүлде құрмет жоқтығы байқалады", – делінген Telegram арнада.