Тас лақтырдық...
Тас лақтырдық...
267
оқылды
«Тас лақтырсаң, жемқорларға, парақорларға тиеді!» – деген сөзді анықтау үшін, «жемқория, парақория» ғылымын зерттегіміз келіп, құрбым екеуміз көшеге шықтық. Сөмкемізге майда тастар салып алғанбыз. Бір топ шенеуніктер кетіп бара жатқан. Сөмкемнен тас алып, лақтырып жібердім. Тас месқарынның арқасына тиді де, ол жалт қарады. – Қарындас, жемқор екенімді қалай біліп қойдыңыздар? – деген ол бетін басты. – Кешіріңіз, ол ойымызды қалай білдіңіз? – «Тас лақтырсаң, жемқор­ларға тиеді» деген сөз бар. Ия, тас тошына маған тиді, – деген ол өзге жемқорларға қарап, күле бер­ді. Астанада жүрміз. Минис­трлер топтасып тұр екен. Тасты басқа бағытқа лақтырсақ та, әуелеп ұшқан тас министрдің жамбасына сарт ете қалғаны. – Ей, неге тас лақтарасың? Бетіңді жыртып тастайын ба, осы? – деп әкіреңдеді ол. – Біз анау жаққа лақтырып едік... – Не, жемқор жалғыз мен бе? – Неге олай дейсі? – Тас лақтырсаң, жемқорларға тиеді! – Ия, солай, –  дедім мен. – Не жұмыстарың бар? Көздеріңді қысып, түк көрмеген болып жүре беріңдер! Біз көзімізді қысып, құстай ұшып, қызметтік көлігіне отыр­ғалы тұрған мекеме бастығына қарай тас лақтырып едік, ол ыр­жиып; – «Мен тойған жоқпын. Ала бергім келеді, ала бергім келеді!» – деп күлгені. Парақордан кешірім сұрап, құрбымның құлағынан бұрап, тағы бір топ шенеуніктерге қарай тас лақтыр­дық. Бірден үш тас аттық. Соның біреуі қисық кетіп, екеуі жел­кесіне тиді. Шенеунік бұрылып: – Екі рет соттала жаздадым. Біздің елде жесең, желкеңнен шығарады! –  деп бұрқылдай жөнел­ді. Бізге қарай тап– тап бергенде, тұра қаштық, қатты састық, достар. Шынында, тас лақтырсаң, жемқорларға парақорларға тиеді. Бір қызығы, қызығы болғанда, шыжығы, әріптестерінің сотталып жатқан­дарын көрсе де, көздері тоймай­ды, тек жей беруді ойлайды. Мәселен, Атырау облысы әкімінің бұрынғы орынбасары Нұрлан Таубаев пен құрылыс басқармасының басшысы болған Тимур Басаров 185 миллион пара алып, ақырында әкім орынбасары он жылға, құрылыста құйрық сорып жүрген жемқор бес жылға сотталып тынды. Әне, айттым ғой, тас лақтырсаңыз, жемқор­аларға, парақорларға тиеді!

Лара РАМАНҚЫЗЫ