Ыстықтан қалай қорғануға болады – дәрігер кеңесі
Ыстықтан қалай қорғануға болады – дәрігер кеңесі
Еліміздің бірқатар өңірінде күн ыстық болады. Осы орайда елордадағы емханалардың дәрігерлері ыстық күндері денсаулыққа күтіммен қараудың жолдарын айтып, өз ұсыныстарымен бөлісті. Нұр-Сұлтан әкімдігінің ресми сайты қаладағы дәрігерлердің айтқан пікірлерін көпшілік назарына ұсынды.
«Ыстық өтіп кеткенде дене температурасын реттеуге жауап беретін компенсаторлық функциялар бұзылады. Ыстық күндері майлы, тұзды тағамдарды жемеу керек», - деді №1 қалалық емхананың терапевт-дәрігері Алина Боргекова.
Маманның айтуынша, күн өткен кезде тыныс алу қиындап, дене қызуы көтеріледі және бас ауырады, сондай-ақ кейбір жағдайда адамдар естен тануы мүмкін. Ыстық күндері жүрек-қан тамырлары аурулары бар адамдар өз денсаулығына күтіммен қарауы керек.
«Мұндай кезде тромбоз болуы ықтимал және қан қысымы құбылып тұрады. Қатты ыстық стенокардия дертін қоздыруы мүмкін. Сондықтан жүрек-қан тамырлары ауруларына шалдыққан адамдар жылдың осы уақытында денсаулығына күтіммен қарауы керек», - дейді № 4 қалалық емхананың кардиологы Жанат Сұңқарбекова.
Дәрігерлер негізгі терапия талаптарын ескеруді және қажет дәрі-дәрмекті өздерімен бірге алып жүруге кеңес берді.
«Күн қатты ыстық уақытта далада көп отырмау керек. Суды көбірек ішкен дұрыс болады. Бірақ кофеин мен қанты бар сусындарды алмаған абзал», - дейді Ж. Сұңқарбекова.