Петропавлдық келіншек мәйіттердің бетін әрлеумен табыс табуда
Петропавлдық келіншек мәйіттердің бетін әрлеумен табыс табуда
Петропавл тұрғыны Любовь Миргородская қайтыс болған жандардың бетін әрлеп, әдемілеуді ұнатады. Тіпті, танатокосметология саласын үйреніп, танатопрактик атанған Солтүстік Қазақстандағы жалғыз маман. Айтуынша, ол мәйіттерді әрлеуде қолғап, бетперде секілді бірреттік құралдарды пайдаланған соң тастап, жабдыққа толы чемоданды стерильдеп, арнайы тазалайды. – Адам өлгеннен кейін, бірнеше сағаттың ішінде оның денесінде түрлі бактериялар пайда болады. Сол себепті де мәйітте ірі-ірі дақтар шығып, иістене бастайды. Негізі мәйіт – бүкіл инфекцияның ошағы. Онымен жұмыс істемес бұрын мәйітті жуып, тазалап алу керек. Ал мен тек мәйіттің бетін әрлеумен айналысамын. Бірақ егер VIP тапсырыс болса, маникюр, педикюр және тіпті аяқ депиляциясын істеймін, – дейді Любовь Миргородская. Айтуынша, оның әрлеуінен мәйітті құшақтап, бетінен сүйе беруге де болады. «Тіпті, мәйіттің иісі де қалмайды» дейді ол. Мәйіттің бетін әрлеуге деген қызығушылық әжесінен басталыпты. [caption id="attachment_203474" align="alignnone" width="1280"]Петропавл танатокосметология ©baigenews.kz[/caption] – Әжем аяқасты құлап, мерт болған. Сол кезде оның маңдайы жарылып, бет-ауызы ісіп кеткен еді. Жаназасын шығарарда түнімен марқұмның бет-әлпетін қолдағы бар опа-далаппен реттедім. Сонда қолым дірілдеп, әрең жасадым. Міне, содан бастап мәйіттердің бетін әрлегім келетінін сездім. Артынан сондай мамандықтың барын да білдім. Бастысы, өмірден өтсе де, соңғы сапарда көріктілігін жоғалтпай, жақындарымен қоштаса алуы, – деді ол. Оның бұл іспен айналысып жүргеніне бірнеше жыл болды. Машықтанып алғаны соншалық қазір өртеніп қайтыс болғандардың да жүзін қаз-қалпына келтіріп береді. Өз тәжірибесінде жас баланың мәйітін 17 тәуліктен кейін де қалпына келтіргені бар. Любовь Миргородскаяның айтуынша, құрал-жабдыққа толған қобдишасын толтыруға 400 мың теңге жұмсаған. Бет әрлеуі 20 минуттан 2 сағатқа дейін уақытты алады. – Әрбір бетін әрлеген клиенттің түр-келбеті жадымда сақталған. Ондайды ұмыту мүмкін емес. Сол жағынан ғана қиындау. Әйтпесе, бой үйреніп кеткен, – дейді ол. Айтуынша, мұндай жұмыстың бағасы қымбат емес, қолжетімді екен.