Елнұр Бейсенбаев: «Еліміздің болашағы – жастар», – деп оларға ауызбен емес, жүйелі мәселелерін шешу арқылы іспен қолдау көрсетейік
Елнұр Бейсенбаев: «Еліміздің болашағы – жастар», – деп оларға ауызбен емес, жүйелі мәселелерін шешу арқылы іспен қолдау көрсетейік
1,130
оқылды
Бүгінде жастар арасындағы негізгі мәселелердің бірі – жатақхана жетіспеушілігі. Осы ретте Мәжіліс депутаты Елнұр Бейсенбаев Премьер-Министр Әлихан Смайловқа Үкімет тарапынан жатақхана салу мәселесін жүйелі түрде шешуді сұрап, депутаттық сауал жолдады.
«Ұлт ұстазы Ахмет Байтұрсынұлы айтқандай: «Жастардың оқу-тәрбие жұмысы түзелмей, жұрт ісі түзелмейді». Осы ретте, «AMANAT» партиясының сайлауалды бағдарламасына сәйкес, 2021-2025 жылдар аралығында еліміз бойынша 50 мың орынға арналған студенттік жатақхана салынуы тиіс. Бұл – партия тарапынан қойылған нақты, әрі студент жастардың әлеуметтік жағдайын жақсартуға бағытталған басты шешім. Өздеріңіз білетіндей, елімізде 1 миллионнан астам студент білім алады. Ал студенттерге жатақхана жетіспеушілігі 85 мыңнан астам орынды құрап отыр. Яғни, 85 мың студент пәтер жағалап, оқуды емес, керісінше пәтерақының қамымен жүргені ой салмай ма, ағайын», –  деді Мәжіліс депутаты.
Депутаттың мәліметінше, cтуденттер жатақханасының ең үлкен жетіспеушілігі – Нұр-Сұлтан (17 мың), Алматы (35 мың), Шымкент (10 мың) қалаларында. Сонымен қатар бұған дейінгі құрылыс нәтижесін мысалға келтіре отырып, бүгінде жатақхана құрылысының баяулап қалғаны жайлы айтты.
«Құрметті Әлихан Асханұлы, өзіңіз 2021 жылы Премьер-Министрдің бірінші орынбасары қызметін атқарған сәтіңізде жатақхана құрылысын күшейтуге бағытталған жүйелі жұмыстар жасалынды. Соның арқасында, 2021 жылдың қорытындысы бойынша 10 364 орынға арналған 49 жатақхана іске қосылды. Ал 2022 жылдың жоспарына сәйкес, 35 жатақхана іске қосылуы тиіс. Бірақ бұл процестің өте баяу, әрі тиімсіз шаралардың әсерінен уақытында орындалмайтын қаупі өте жоғары. Жыл бел ортасына жетсе де, Үкімет тарапынан, оның ішінде Қаржы министрлігі жатақханалардың құрылысын қолдауға бағытталған жүйелі өзгерістерді қабылдауға даяр емес. Біле білсеңіздер, студенттік жатақхана – бұл ең маңызды әлеуметтік нысан екенін ескеретін уақыт жетті. Мысалы, биыл салынуы тиіс 10 мың орындық жатақхананың 6 ай ішінде тек 1 320 орынға арналған алтауының құрылысы аяқталған. Бұл –  жалпы құрылыстың 13-ақ пайызы. Оған қоса, 3,5  мың орынға арналған 9 жатақхананың құрылысы, яғни биыл салынуы тиіс нысандардың 35 пайызы бойынша құрылыс жұмыстарының аяқталуы екіталай», – деп нақтылады Елнұр Сабыржанұлы.
Осы ретте Мәжіліс депутаты мәселенің пайда болу себептеріне тоқталды. Сондай-ақ бірнеше нақты ұсынысын да жеткізді.
«Біріншіден, 2021-2022 жылдардың қорытындысы бойынша құрылыс материалдарының орташа есеппен 40-50 пайызға қымбаттауына байланысты мемлекеттік тапсырыс алудың тиімділігі жоғалды. Бүгіннің өзінде студенттік жатақхана салуға ынталы инвесторларды табу қиындап, керісінше 5-6 мың орындық 16 жатақхананың келісімшарттары тоқтатылды. Сондықтан тез арада студенттік жатақхана салу механизмдерінің тартымдылығын арттыру тетіктерін енгізуді сұраймын. Яғни,  мемлекеттік төлемдерді 8 жылдан 6 жылға қысқартып, қайтарымды қаржының сомасын кемінде 25 пайызға көтеруді ұсынамыз. Екіншіден, жергілікті әкімдіктер әлі де болса студенттік жатақханаларды салуға мүдделі емес екендіктерін нақты көрсетуде. Мысалы, бүгінге дейін инвесторлар мен білім беру ұйымдарына жер бөлу мәселесі өте қиын жүргізіліп келеді. Сондай-ақ құрылысқа қажетті құжаттарды реттеу бойынша жұмыстарды, бюрократизмге айналдырғаны тағы бар. Меніңше, әкімдіктер тарапынан жатақхана салу бойынша «қалдықты принципті» ұстану, жас студенттерге жасалған қиянат деп санаймын. Осы орайда мәселені шешу мақсатында, инвестициялық жобаларды іске асыру бойынша Үкіметтің қаулысындағы қызметтің басым түрлерінің тізбесіне жатақханаларды әлеуметтік нысан ретінде қосуды ұсынамыз. Сонымен бірге жергілікті әкімдіктерді жатақхана салу бойынша өңірлік куратор ретінде анықтауды, яғни олардың жауапкершілігі мен мүдделігін айқындауды сұраймыз. Үшіншіден, жатақхана мәселесі ушығып тұрған аймақтардың әкімдіктері мен орталық мемлекеттік органдар тарапынан бірлескен іс-қимыл жоспарын бекітуді ұсынамыз. Жоғарыда көтерілген мәселелерге байланысты, Үкімет тарапынан жатақхана салу бойынша сұрақтарды жүйелі түрде, әрі нақты шешуді ұсынамыз. «Еліміздің болашағы – жастар», – деп оларға ауызбен емес, жүйелі мәселелерін шешу арқылы іспен қолдау көрсетейік», –  деді Елнұр Бейсенбаев.