Жамбыл облысында су үшін халықтан жиналған қаражатты тұрғындарға қайтарып беретін болды, – деп жазады 24.kz.
Құны 1,6 миллиард теңге тұратын мемлекет мүлкін әкімдік мардымсыз ақшаға сатып жіберген. Заңсыздық Қордай аудандық қаржы бөлімінде анықталды. Әкімдік аудан халқының жартысын таза ауыз сумен қамтамасыз ететін «Қордай су» мекемесін аукцион арқылы саудалаған.
Олар әлеуметтік маңызы бар кешенді 62 миллион теңгеге дейін төмендетіп сатқан. Бұл былықты прокуратура анықтап, бірқатар лауазымды тұлға жауапқа тартылды.
Облыс прокурорының аппарат жетекшісінің міндетін атқарушы Сержан Әбдіқұлов: «Одан бөлек Қордай су мекемесі 9 ауыл мен аудан орталығындағы бір шағын аудандарының 27 мыңнан астам тұрғынынан орталық су үшін 20 млн теңгеге жуық заңсыз ақша жинағаны анықталды. Енгізілген прокурорлық акт нәтижесімен мүлік толық мемлекетке қайтарылды. Халықтан заңсыз жиналған қаражат бекітілген тарифті төмендету арқылы өтеледі», – деді.