Тамара Дүйсенова зейнет жасын төмендету мәселесі талқыланып жатқанын айтты
Тамара Дүйсенова зейнет жасын төмендету мәселесі талқыланып жатқанын айтты
© qazaqstan.tv
Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Тамара Дүйсенова зейнет жасын талқылау туралы вице-премьер Ерұлан Жамаубаевтың мәлімдемесіне қатысты пікір білдіріп, тілшілердің сауалына жауап берді. 
«Мұнда ешкім өтірік айтпады. Бюджеттік процесті өздеріңіз білесіздер. Қазір біздің министрліктің Қаржы министрлігімен және Ұлттық экономика министрлігімен бірлескен жұмыс тобы бар. Жұмыс тобы бірінші графиктен өтті. Енді екінші графикте министрлердің алдына шығуымыз керек. Одан кейін республикалық бюджеттік комиссияға шығамыз. Сонда қазір біз бірінші топтағы жұмысты ғана бітірдік. Оның үстіне Ерұлан Жамаубаев Қаржы министрі ғана емес, вице-премьер. Біз әлі министрлердің алдына жеткен жоқпыз», – деп жауап берді Т. Дүйсенова Парламент палаталарының бірлескен отырысынан кейін тілшілер сауалына.
Сонымен бірге, Еңбек министрі елдегі әлеуметтік сала, зейнетақы мәселелері жөнінде айтып берді.
«Қазір зейнетке шығып жатқандардың зейнетақылары бұрын шыққан зейнеткерлердікінен төмен, себебі еңбек өтілдері аз. Сондықтан қазіргі бірінші мәселе – базалық зейнетақылардың параметрлерін өзгерту, яғни оны көбейту, екінші – ынтымақтастырылған зейнетақы мәселелерін көтеру, оның да параметрлерін қарастыру. Содан кейін заң аясында ерте зейнетке шығу мәселесі де қарастырылған. «Күміс жас» деген жаңа бағдарлама жасалып жатыр. Барлық есептерімізді жұмыс тобына өткіздік, енді екінші кезеңге шығып жатырмыз. Бюджетті қарағанда жұмыс тобында, ең алдымен, вице-министрлер жұмыс істейді, менің де вице-министрім сол топқа барып жүр. Кейінгі топта бұл мәселе министрлер деңгейінде талқыланады. Сондықтан, қазір жұмыс тобында барлық министрлік өкілдері жұмыс істеп жатыр. Ал Қаржы министрінің оны білу-білмеуінен менің хабарым жоқ», – деді Тамара Дүйсенова.
Бұған дейін вице-премьер Ерұлан Жамаубаев Қазақстанда зейнет жасын төмендету мәселесі Үкіметте қаралып жатпағанын айтқан болатын.