Түркістан облысына қарасты Ақсу шатқалында суға батып кеткен үндістандық студенттердің денесі бес күннен бері табылмай жатыр.Оtyrar.kz порталының хабарлауынша, іздеу жұмыстарына түрлі ведомствоның жүзге жуық қызметкері жұмылдырылған. 29 маусымда жаяу 5 шақырым, еурокоптермен 20 шақырым жер сүзілген.
Қаза тапқан студенттердің бірінің Қырғызстанда оқитын досының айтуынша, іздеу жұмыстарының ұзаққа созылып кеткеніне бәрі, оның ішінде марқұмдардың ата-аналары да алаңдап отырған көрінеді.
«Бәріміз алаңдап отырмыз. Досымның ата-анасы өзін қоярға жер таба алар емес. Олар жақын уақытта келіп қалуы тиіс, бірақ әлі нақты ақпарат ала алмай отырғандықтан, бәрі уайымдап отыр», – дейді Шивамо есімді жігіт.