Биыл Түркістан облысында 21 мектепті жыл соңына дейін пайдалануға беру жоспарда бар. Бірақ кейбір кедергілерге байланысты 3 мектептің құрылыс жұмысы тоқтап тұр. Осы және өзге де проблемаларды талқылау және шешу жолдарын қарастыру мақсатында «AMANAT» партиясы Түркістан облыстық филиалы жанындағы Білім беру және денсаулық сақтау мәселелері бойынша қоғамдық кеңес пен партиялық бақылау комиссиясының бірлескен отырысы өтті.
Жиынды аймақтық партия филиалының атқарушы хатшысы Бейсен Тәжібаев жүргізді. Бірлескен отырысқа аталған кеңестердің төрағалары Ғалымжан Елшібай және Нұралы Әбішов, жауапты басқарма басшыларының орынбасарлары және кеңес мүшелері қатысты.
Облыстағы білім саласында 119 мың штат, оның ішінде 80 874 педагог бар. Оларға 105,4 млрд теңге қаржы төленіп жатыр. Педагогтердің еңбек құқығын күн тәртібіне алған мәжілісте облыстық Адами әлеуетті дамыту басқармасы басшысының орынбасары Амантай Өсербаев баяндама жасады. Оның айтуынша, былтыр заңға сәйкес мұғалімдердің жүктемесі 18 сағаттан 16 сағатқа төмендеуі салдарынан 2,4 млрд теңге көлемінде берешек қарыз өтелген. Биыл да бұл жағдай қайталанған. Дегенмен мамыр айына жоспарланған 29,9 млрд теңге толық игерілген. Бейсен Тәжібаев бұл мәселелер қаржының тапшылығынан емес, жергілікті атқарушы органдардың жіті мән беріп, жұмыс жүргізбеуінің салдарынан туындап отырғанын айтты.
Екінші мәселеде «AMANAT» партиясының Түркістан облысы бойынша сайлауалды бағдарламасын орындау жөніндегі Жол картасының «Білім сапасын арттыру» бөлімінде жоспарланған тармақтарының орындалуы бойынша жауапты басқармалардың есебі тыңдалды.
Жол картасы аясында биыл облыста 59 мектептің құрылыс жұмысын жүргізуге 20,5 млрд теңге қаралған. Оның ішінде 1,8 млрд теңге «Ауыл – ел бесігі» бағдарламасы арқылы, республикалық бюджеттен 150 млн теңге және облыстық бюджеттен 18,6 млрд теңге бөлінген. Жыл соңына дейін 59 мектептің 21-ін пайдалануға тапсыру жоспарланған. Бірақ жоғарыда атап өткендей, бұл бағытта проблема жоқ емес. Облыстық Құрылыс басқармасы басшысының орынбасары 3 мектептің құрылысы мердігер мекемемен келісімшарт бұзылуына орай тоқтап тұрғанын мәлімдеді. Нысандардың жобалық-сметалық құжаттарын қайта түзету қажеттілігі туындап отыр. Атап айтқанда, Жетісай ауданындағы 300 орындық, Қазығұрт және Отырар аудандарындағы 100 орындық мектептердің құрылысы аяқсыз қалған.
Қоғамдық кеңес төрағасы бұл проблемалар мектептердің құрылысын жүйелендірсе ғана кедергісіз іске асатынын алға тартты. Осы мәселені жалғаған жиын қатысушылары құрылысы тоқтап тұрған білім нысандарына қаржы қарастыруға және оның сапасына қатысты сын-ескертпелерін айтты. Сондай-ақ Әбішов аталмыш мәселеге қатысты енді партиялық бақылау жүргізілетінін жеткізді.