Жүк тасымалдаушылар тығырыққа тірелді
Жүк тасымалдаушылар тығырыққа тірелді
1,989
оқылды
Ресейлік жүк тасымал­даушылар қазақстандық көліктерді ығыстыра баста­ды. Яғни, көрші ел санкцияға ұшыраған соң тасымалдау­шылар жаппай бізге келіп тіркелген. Енді отандық та­сымалдаушылар табыстан қағылып, қып-қызыл шы­ғын­ға батып отыр. Қостанайлық жүк тасымал­дау­шылардың айтуынша, бұл проблема дәл Ресейге санкция енгізілген уақыттан басталған. Осының кесірінен отандық тасымалдаушылар енді Еуропаға өтуге рұқсат беретін құжаттан қағылған.
– Автопаркте 20 шақты жүк көлігі болса, соның алтауында ғана шетелге жүк таситын рұқсаты бар. Қалғаны қаңырап тұр. Мол шығынға батып жатырмыз. Өз­гелер алдында міндеттемелерімізді атқара алмай, келісімшарттар күйіп кетудің алдында тұр, – дейді жеке кәсіпкер Максим Семенов.
Ал көліктік бақылау инспек­циясы ресейлік тасымалдаушылар қазақстандық көліктерді жалға алып, сатып алып, заңға сәйкес қызмет етіп жатқанын айтады. Жылдан-жылға олардың саны да артып келеді. Облыста жеті жыл бұрын халықаралық 16 жүк тасымалдаушы болса, қазір 130-дан аса компания бар. Сол себепті бұл проблеманы жергілікті дең­гейде шешу мүмкін емес.
– Бұл саланы күйретіп алмас үшін рұқсат беру әдісін өзгерту керек шығар. Экономика тұрғы­сында бұл саладан айырылсақ, ертең оны қайта аяғына нық тұрғызу екі есе қиынға соғады, – дейді өңірлік кәсіпкерлер палатасы директорының орын­басары Геннадий Кукоба.