Кезек күтіп қаңтарылып тұр
Кезек күтіп қаңтарылып тұр
577
оқылды
Әдетте жолаушылар ав­тобусты күтетін еді. Бұл жолы сол автобустардың өзі сар­ғайып, сағаттап кезек күтіп тұр. Қайда, ненің кезегі дей­сіз ғой? Кәдуілгі сұйытылған газ құю бекеттерінің маңында қаң­тарылуға мәжбүр. Жалпы, Алматы қаласында 2400-дей қоғамдық көлік қала тұрғындарына қызмет көрсетеді. Оның 800-ге жуығы газбен жүреді. Бұл көліктер көк түтінге оранған Алматының экологиялық халін түзеу мақсатында әкелінген бо­латын. Өткен аптадан бері осы 800 автобус жолаушылар тасымалдауға тиіс уақытының жартысын тек газ құю бекетінің маңында кезек күту­мен өтукізуде. Мәселе қайдан шықты? Өз уақытымен жүріп тұрған көліктердің бұлайша аяқ астынан қаңтарылып қалуына не себеп? Сауалға жауап алмақ болып, Ал­маты қалалық әкімідігіне хабар­лас­тық. Жауаптылардың айту­ларынша, барлық мәселе қала­дағы бірнеше газ құю бекеттерінің жөн­­деу жұмыстарына жабылуы­нан туындаған екен. «Қазіргі таңда қалада автобус­тарға газ құю мәселесінде қиын­дықтар туындап отырғаны рас. Жалпы, қала бойынша қоғамдық көліктерге 6 газ құю бекеті қызмет көрсетеді. Оның бесеуі – «Авто­ГазАлматы» ЖШС-не тиесілі. Қа­зіргі таңда соның екеуі ғана жұ­мыс істеп тұр. Қалған үшеуі жөндеу жұмыстарына жабылған. Осыған байланысты автобустарды газбен қамтуда қиындықтар туын­дап отыр. Аталған мәселе Басқар­ма­ның бақылауында, жақын арада оң шешімі табылады», – деп жауап берді Алматы қалалық Мобилділік басқармасының өкілі Индира Бекболат. Ұзын-сонар кезек кептелісті де күшейтті Кезек күтіп тұрған автобустар­дың ұзын-сонар кезегі қоғамдық көліктердің қатынау арақашық­тығына айтарлықтай әсер етуде. Осының салдарынан жолаушылар діттеген жеріне уақытында жете ал­май қалды. Газ құю бекеті маңын­­дағы көшелерде ұзыннан-ұзақ тізіліп тұрған автобустар он­сыз да кептелістен көз аша алмай тұрған Алматы көшелеріне жығыл­ған үстіне жұдырық болуда. Бір ғана мысал, Момышұлы көшесі мен Райымбек даңғылының қиылы­сын­дағы газ құю бекетіне кезекке тұрған автобустар көліктердің тығынын екі есе ұлғайтып жіберді. Оған қоса, Райымбек даң­ғылы қаланы іргелес аудандар мен арғы жағы Жамбыл, Түркістан облыс­тарын жалғайтын бірден-бір көше. Жүргізушінің жалақысы не болады? Жұмыс уақытының жарты күні көлігіне газ құйып алу үшін кезек күтумен өтетін жүргізушілердің мұң-мұқтажы бар. Бізбен тілдескен олар уақыттарының көп бөлігі құр сарғайып тұрумен кетіп жатқанын, ал жалақылары тек жүрген саға­тына ғана төленетінін айтып қын­жылды. «Өзіңіз көріп тұрғандай, ұзын-сонар кезекте тұрамыз. Күнде – осы. Бакты бір толтырып құйғаны­мыз жарты күн жүруге ғана жетеді. Содан түстен қас-қарайғанға дейін­гі уақытымыз тек осы кезек күту­мен өтеді. Ал бізде жалақы жүр­ген әрбір сағатымызға 1100 тең­геден төленеді. Осы айдан бас­тап өткен айларға қарағанда, жарты есе төмен жалақы шыққалы тұр. Мардымсыз жалақымен қалай өмір сүреміз», – дейді аты-жөнін жаз­бауды өтінген автобус жүргізу­шісі. Жүргізушілердің еңбекақы мәселесі қалай болмағын білмек болып, қалалық қоғамдық көлікке жауапты «АлматыЭлектроТранс» ЖШС-не хабарластық. Олар жүр­гізушілердің жалақы көлемін бас­қаша жолдармен уақытша арт­тыру мәселесі қалалық әкімдікпен бірлесіп шешіліп жатқанын жет­кізді. 15 шілдеден кейін жағдай реттеледі Сонымен, қала бойынша қо­ғамдық көліктерге газ құю қыз­ме­тін ұсынатын алты бекеттің бірден үшеуі жөндеуге жабылуы алма­тылықтарды айтарлықтай әбігерге салып қойды. Бұл бәрінен бұрын күнделікті жұмыс орны мен өзге де жерлерге тек қоғамдық кө­лікпен қатынайтындарға ауыр тиіп тұр. Жауапты мекеменің уәжіне сен­сек, мәселе шілденің ортасына қарай реттеледі. «15 шілдеде жөндеу жұмыстары аяқталып, газ құю бекеттері жұ­мысын бастауы тиіс. Сонымен қа­тар жеке инвестор 20 шілдеге дейін тағы бір стансаны іске қо­сады деп жоспарлап отыр. Бұл шаралар қалыптасқан жағдайды біраз жеңілдетуі тиіс. Сондай-ақ қала әкімдігі көгілдір отын құятын үш бекеттің құрылысын бастау туралы шешім қабылдады. Қосым­ша шара ретінде автобустар ағы­нын реттеу үшін газ құю кестесі жа­салды», – дейді «Авто­Газ­Алматы» ЖШС-нің өкілдері. Әне-міне дегенше, бүгін шілде айы да басталды. Аталған мәселе жауапты тұлғалар айтқан уақытын­да шешіліп кетсе, құба-құп болар еді. Әйтпесе, Алматының эколо­гия­лық жағдайын жақсартуға сеп­тігін тигізеді деп әкелген көгілдір отын­мен жүретін автобустар тұр­ғын­дарға қызмет көрсетудің ор­ны­на бос қаңтарылып уақыт өткізетін сияқты.

Алматы