Жетісудағы жер дауы
Жетісудағы жер дауы
1,072
оқылды
Бұрынғы Алматы облы­сын­дағы жерге қатысты тү­сін­­бестіктер туралы осыдан біраз бұрын мәселе көтеріп, дабыл қаққан едік. Содан бері бізге Алматы облысының Бал­қаш, Еңбекшіқазақ, Райымбек, Кеген аудандарынан, Жетісу облысының Панфилов, Кербұлақ, Қаратал, Ес­келді, Алакөл, Ақсу аудандарынан қарапайым шаруалар хабарласуда. Бір кезде қолдың қысқалығынан қалталы аза­­маттарға жалға берген жер­­лерін қайтара алмай отыр­ған­дарын, орман алқаптары мен тау қойнауларының меншікке өтіп кетуі кесірінен жайы­лым мен шабындықтан тап­шылық көре бастағанын ай­тып жатыр. Ондай арыз-ша­ғымның біразын Жетісу өңірінен сайланған депутаттардың қолына тапсырып та қой­дық. Мүмкін, соның әсері бо­лар, күні кеше Мәжіліс депутаты Зәкіржан Кузиев Алматы облысындағы ең шұрайлы әрі шырайлы деген 1,5 мил­лион гектар жердің 30 адам­ға ғана тиесілі екенін ашық айтып, бұл мәселенің қара­пайым халық тарапынан наразылық тудырып отыр­ғанын, тез арада шешімін тап­па­са, әлеуметтік дүмпуге әке­ліп соғуы мүмкін екенін мәлімдеді. Жасырары жоқ, жайылым мен шабындық жерлердің, егістік ал­қаптардың алпауыттардың қарамағына өтіп кеткені жайлы әңгімелер жылдар бойы айтылып келеді. Соңғы кездері осындай «қолды болған» жерлер қатарында мемлекеттің қорғауында болуға тиісті ормандардың, қорықтардың белгілі бір аумақтары да бар екені жиі көтеріле бастады. Әсіресе, Кеген, Райымбек, Ұйғыр, Еңбекшіқазақ, Талғар, Қарасай, Панфилов аудандарындағы осындай келеңсіздіктер ел-жұртты алаңдатады. Депутат Зәкіржан Кузиев Жетісу жерінде адамдардың ша­ғын ғана тобының мыңдаған гек­тар шабындықты, ормандарды меншіктеп, ешкім ене алмайтындай етіп, қоршап алғанын, соның кесі­рінен қа­зір қарапайым халық малын жай­­ғанды айтпағанда, ауыл ір­ге­сін­дегі көрікті жерлерге аяқ ба­са алмай қалғанын ашына баяндады. Дәл осы мәселенің қазір Ал­маты және Жетісу облыс­тары үшін тым өзектілігін ашып айтты. «Қалталы азаматтардың шағын тобы екі облыстағы ең шұрайлы орманды алқаптарды, тау қойнаулары мен шабындықтарды тұтас­тай бауырларына басып, елден қызғыштай қорып отырғаны жанға батады. Халықтың наразылығы орынды. Өйткені олар үшін ата-бабадан қалған атамекеннің әр пұш­пағы қасиетті әрі қымбат. Біз ел аралағанда халықтың жер­ге қатысты наразылығы жиі алдан шығады. Мәселен, Кеген, Нарын­қол ауылдарында болғанда жұртты алаңдататын басты проблеманың бірі жер екенін барынша сезіндік. Жетісу жері Кеген ауданында мемлекеттік орман қорының 415 мың гектары 12 адамға тиесілі болса, Райымбек ауданында 11 адам аңшылық шаруашылығына арналған 523 мың гектар жерді тұтастай қоршап ал­ған. Жаркент өңіріндегі құйқасын тарт­саң майы шығатын орманды алқаптардағы 78 мың гектар алты жеке тұлғаның меншігіне өтіп кеткен. Осы шекаралық ауданмен шек­тесетін Ұйғыр ауданындағы жағ­дай тіптен шектен шыққан. Мем­лекеттік орман қоры мен мемлекеттік босалқы жерге жататын 415 мың гектар жер аңшылық ша­руа­шылығын жүргізу үшін деген сылтаумен алты адамның арасында бөлініске түсіп кетіпті. Бұл кө­лем аудандағы орман алқаптарының 97 пайызын алады. Басқа аудандар жайлы тап басып айта алмаймын. Бірақ жоғарыдағы үш ауданда 1,5 миллион гектар жердің 30 адамның қолында екені анық» деп Экология, геология және табиғи ресурстар министріне сауал жолдаған халық қалаулысы көп­шіліктің көкейіндегіні дер кезінде қозғағаны сөзсіз. 2000 жылға дейін орман алқаптары осы саладағы тиісті министрлікке қарайтын. Сол кездері шаруа адамдары, ауыл тұрғындары ормандарды белгілі бір деңгейде пай­­далана алатын. Қуаңшылық жылдары төрт түлікті сонда бағып, қыс­қа қажетті шөпті шауып алуға мүм­кіндік берілетін. Одан бергі кезеңде заңнамаға енгізілген түрлі өзгеріс кесірінен соңғы 15-20 жылда халық малын ауыл маңынан ұза­та алмай, қораға қамап бағып-қағуға көшкен. Бұл санитарлық-ветеринарлық талаптарға да сай кел­мейді. Ал аңшылық шаруа­шы­­лық аймақтарын қоршап ал­ған­дар жергілікті жерде тұрмаса да, қоршалған аумақтарды қатаң күзетпен қамтамасыз етіп, тірі жанды енгізбейді. Қоршап алған алқаптарын қыз­­ғыштай қоритындардың барлығына жуығы Нұр-Сұлтан, Алматы, Талдықорған қалаларында тұрады. Олар тек демалуға аңшы­лық жасап, балық аулауға келеді. Қоршаудың сыртындағы тұрғындардың жағ­дайы үшін бас ауыртпайды. Осылардың барлығы жергілікті азаматтардың ашу-ызасын тудырып отыр. Сондықтан аңшы­лық алқаптарды мемелекеттің меншігіне қайтарып, олардың пайдасын жеке адамдар емес, бүкіл халықтың көруіне жол ашу үшін заңға тиісті өзгерістер енгізу керек.

Болат АБАҒАН, Алматы облысы