Абай арнасы – ұлттың айнасы
Абай арнасы – ұлттың айнасы
562
оқылды
Осыдан тура 2 жыл бұрын қа­зақ руханиятына елеулі өз­ге­ріс әкелген Аbai tv телеарнасы­ның тұсауы кесілді. Мәдени-ағарту бағытындағы еліміздегі жал­ғыз телеарнаға ұлт рухания­тының темірқазығы Абай есімі­нің берілуі де тегін емес. Осыған орай, аз ғана уақыт ішінде кө­рер­­меннің көзайымына айнал­ған телеарна директоры Азамат КЕҢЕСҰЛЫМЕН әңгімелестік. – Аbai tv телеарнасының ашылға­нына 2 жыл толды. Арнаның жұмысы пандемиямен арпалысқан қиын-қыстау кезеңде басталғанын білеміз. Осы уақыт аралығында арна алға қойған мақсатына жетті ме? – Иә, Аbai tv телеарнасы адамзат тарихындағы ең бір қиын кезеңде ашылғаны рас. Бұл «байтал түгіл бас қайғы» болып жатқан заман болатын. Бірақ соған қарамастан Qazaqstan телерадиокорпорациясының бас­шы­лығы, министрлік, осыған жауап­ты орындардың барлығы «қиын кезде халыққа рухани тірек болатын құрал керек» деп, осы телеарнаны ашты. Менің ойымша, телеарна өз мақсатына жетті. Біріншіден, біз бар­лық мәдениет ошақтары мен мекемелерін, өнерді, тарихты, оның өкілдерін қайта жандандырып, жұмысына жан бітіріп, олардың қо­ғамға, елге керек екенін сезіндірдік. Екіншіден, адам шын мәнінде қи­налған кезде жанына рухани демеу іздейді. Сол сәтте телеарна көрер­мен­ге керек дүниені бере білді. Сон­дықтан ашылған кездегі мақсатына Аbai tv жетті деп ойлаймын. Біздің телеарнаның шығармашылық топ­тары тек қана ірі қалалармен шектел­ген жоқ. Ауыл-аймақтардағы мә­де­ниет ошақтарын, мәдени өмірді көрсету арқылы, тарихи орындарды, тарихты зерттеу арқылы халықтың рухын көтере білді. Мәдениеттің жаң­ғыруына атсалысты. Бұл телеар­наны ашу кезіндегі бастапқы мақсат болатын. Сол мақсатқа жеттік деп айтуға болады. – Жалпы, Аbai tv арнасының көрер­мендері кім? «Қазір теледидар көретін көрермен саны азайып бара жатыр» деген түсінік бар. Келісесіз бе? – Телеарнаның көрермені – белгілі бір интеллектуалдық деңгейі бар, өзінің өмірінде, дамуында жо­ғары мәдениет қажет деп санайтын азаматтар. Сондай-ақ мәдениет, өнер саласының өкілдері. Өйткені жалпы қауымнан бөлек, мәдени орта бар. Ол орта үшін де бәсекелестік тудыру керек, ол орта үшін ақпарат керек. Біз сол ортаның ақпаратын бір жерге тоғыстырып, жинап, олар­ға ұсына білдік. Одан кейін әдебиет әлемі бар. Қазіргі қым-қуыт жаһан­дану заманында осы салалар кен­желеп қалғанымен, мүлдем қозға­лыссыз отырған жоқ. Біз сол саланың өсуін, дамуын көрсету арқылы на­сихаттадық, жігер бердік және тіреу болдық деген ойдамыз. Теледидар көретіндер азайып бара жатыр деп айтсақ та, соңғы бол­ған жағдайлар, пандемия мен Қаңтар оқиғасы кезінде интернет ресурстары қолжетімсіз болып қалғанда көмекке телеарналар келді. Негізгі және жал­ғыз ақпарат көзі радио мен теледидар болды. Осы жағдайлар дәстүрлі БАҚ-тың керек екенін дәлелдеді. Мониторингтік зерттеу орталық­тарының мәліметтері қаралымның бірнеше он есе артқанын көрсетті. Қателеспесем, 22 пайызға дейін артқан. Мұны жарнама берушілер де растап отыр. Биыл телеарналарға деген жарнаманың көлемі де ұл­ғайған. Жарнама берушілер де жайдан-жай қызығушылық таныт­пайды. Олар көрермен санының өс­кенін, азайғанын қарайды. Сол динамикаға қарап, жарнаманың көлемін ұлғайтады. Жыл басынан бастап жарнама берушілер саны артқан. Осы жағдайлардан кейін үйге теледидар қоюшылар да көбейді. Бәрібір теледидар керек. Себебі әлеу­меттік желіде дұрыс ақпарат та, бұрыс ақпарат та бар. Ал теледидар сүзгіден өткен ақпаратты жеткізеді. Мысалы, біздің Аbai tv халыққа ке­рек, саф, таза, мөлдір деректерді ұсы­нады. Жауыздықты, агрессия мен дау-дамайды, талас пен біреуді кінәлауды ұсынбаймыз. Біздер шын дүниені, халыққа керек асыл дүниені таратамыз. Менің ойымша, теледи­дар осысымен құнды және осылай қала береді, жасай береді. – Ал кейбір телеарналар ақпарат таратуда әлеуметтік желілерді де тиімді пайдаланып жүр. Әлеуметтік желілердің қарқынды дамуы дәстүрлі медиаға әсер ете ме? – Жоғарыдағы сұрақта атап өткенімдей, бәрібір теледидардың орны бөлек болып қала береді. Се­бебі телевизияда шынайы, тексеріл­ген, анық, гуманизм нормаларына сәйкес келетін ғана ақпарат беріледі. Ал әлеуметтік желі біз үшін сол ақ­паратымызды жарнамалаудың, та­ратудың құралы ретінде ғана пайда­ланылады. Дәл қазіргі уақытта біздің телеарна әлеуметтік желі ресурста­рын осы бағытта қолданып отыр. Арнаның арнайы SMM менеджері бар. Бағдарламаны көрсету үшін, көбірек қарау үшін әлеуметтік желі­лерді жарнамалық мақсатта пайда­ланамыз. Әрине, қазір халықта клип­тік ойлау, қысқа дүниелерді көру қалыптасқан. Біз хабардың ішіндегі ең үздік моменттерді, озық ойларды қиып, әлеуметтік желіге салып отырамыз. Сол арқылы ха­бар­дың теленұсқасын көрермен көре бастайды. Біз қажет десеңіз, желіге сапалы, таза өнім салып отырмыз. бағдарлама – Аbai tv дегенде «Сана», «Зин­һар», «Тұлға» сияқты көпшіліктің кө­зайымына айналған бағдарламалар еске түседі. Рухани азыққа шөлдеп қалған қалың көрерменнің қалауын қалай таптыңыздар? – Телеарнаны ұйымдастыру ке­зінде Qazaqstan телерадио­кор­по­рациясының басшылығы маман­дарға қатты мән берді. Оның ішінде ең алғашқы ашылған кезден бастап күні бүгінге дейін біздің әрбір ты­нысымызды бақылап, қадағалап идея ұсынып, біздің идеяларымызды қолдап отыратын басшымыз Ләззат Мұратқызының медиашебер ретінде орнын айырықша атап өтуіміз керек. Ат төбеліндей аз ұжымды қалып­тастыру кезінде ол кісінің атқарған еңбегі көп. Телеарнаға кездейсоқ ма­мандар келген жоқ. Өнерді біле­тін, оны сезетін, мәдениеттануға жа­қын адамдар келді. Бұрын түрлі БАҚ-та мәдениетті насихаттап жүр­ген азаматтар қатарымызға қосылды. Сондай-ақ бізге халыққа керек ру­хани өнімдер ұсынатын телеконтент шығару аса қиынға соға қойған жоқ. Әрбір маман өз саласының білгірі. Сол арқылы біз көрерменнің ойында жүрген мәселелерді дөп баса білдік деп ойлаймын. Сіз айтып отырған хабарлар бағдарламаларымыздың бір бөлігі ғана. Телеарнамызда әр мау­сым сайын 40-тан астам хабар шы­ғады. Әр бағдарламаның өз көрер­мені бар. Біз телеарнаны ұйымдас­тырудағы ең алғашқы кезеңі ақ­парат­тық, ақпарат беруден біртіндеп адам бойында мәдениетті қалыптас­тырудың жолында жұмыс істеп жа­тырмыз. Қазір біз шақыратын спи­керлер кеңістігін анықтап алдық. Ары қарай жұмыстың келесі кезеңі кез келген өнер түрін қабылдаудың, насихаттаудың субмәдениетін қа­лыптастыру. Соған бейімделу, арна­ның жұмысын, мамандарды бейім­деу. Осы бағытта жұмысымызды бастағалы отырмыз. Бұл телеарнаның екінші кезеңі болады. – Қай қызметте жүрсеңіз де, қазақ журналистикасының дамуына елеулі үлес қосып келесіз. Жаңа Қазақстанды құруда медианарықтың атқарар қыз­меті қандай? – Медиа кеңістікте жүрген бар­лық әріптестеріміз бүгінгі биліктің, мемлекет басшылығының барлық бастамаларын қолдайды деп ой­лай­мын. Себебі тұралап қалған қоғам­дағы кейбір кенжелеп тұрған тұс­тарды жаңғыртуға, жаңаша бір дең­гейге шығаруға бағытталған саяси реформа мәдениет саласын да қам­тиды. Сондықтан да біз осы баста­маларды қолдаймыз. Бұл жерде ешқандай пафос та, асыра сілтеу де жоқ. Бұл бастамалардың барлығы өмірдің шынайылығына, жаһан­дану­дың шындықтарына негіздел­ген. Осындай шынайы дүниелерді насихаттауда медиа құрылымдар барынша атсалысуы керек. Мысалы, дәл қазір осындай жаңашылдықты насихаттаудағы БАҚ-тың рөлі деген тақырып төңірегіндегі кездесуден шықтым. Қазіргі медианарық жаңа ел, жаңа мемлекет құрудың барлық тетіктерін пайдалана отырып, соған атсалысуға дайын екенін білдіріп келе жатыр. Отыз жылдың ішінде мүлдем ештеңе болған жоқ деп ай­туға болмайды. Қоғамдық сана, ха­лық­тың деңгейі өсті. Осыны жаңаша сипатта көрсету үшін материалдық, техникалық, рухани мүмкіндіктер жасалған. Соған жұмыла атсалысу қалды. Қазіргі медианарық оған дайын. – Әңгімеңізге рақмет!