Мәжіліс Төрағасы Ерлан Қошанов Президентке заңсыз берілген жер мемлекет меншігіне қайтарылып жатқанын айтты
Мәжіліс Төрағасы Ерлан Қошанов Президентке заңсыз берілген жер мемлекет меншігіне қайтарылып жатқанын айтты
Фото: akorda.kz
6,133
оқылды
Мемлекет басшысы Мәжіліс Төрағасы Ерлан Қошановты қабылдады. Бұл туралы Ақорданың баспасөз қызметі хабарлады. Президентке Мәжілістің VII шақырылымының екінші сессиясында атқарылған заң шығару жұмысы туралы мәлімет берілді. Парламенттің төменгі палатасының Спикері қабылданған бірқатар заңның Мемлекет басшысы ұсынған реформаларды заңнамалық тұрғыдан қамтамасыз етуге бағытталғанын атап өтті. Ерлан Қошановтың айтуынша, қазір депутаттар халықпен кездесулер өткізіп, жергілікті жерлердегі ахуалмен танысу үшін өңірлерге аттанған. Олар азаматтардың көтерген маңызды деген проблемасын зерттеп, жүйелейді. Содан кейін Үкіметпен бірлесіп бұл мәселелерді шешетін болады. Мәжіліс Төрағасы Президентке Парламенттің төменгі палатасы жұмысының жаңа форматы, соның ішінде Қоғамдық палата құру жөнінде айтты. Бұдан бөлек, Ерлан Қошанов Қасым-Жомарт Тоқаевқа «АMANAT» партиясының қоғамдағы әлеуметтік әділдікті қамтамасыз етуге және азаматтардың әл-ауқатын арттыруға бағытталған жұмыстары туралы баяндады. «Жер аманаты» жобасы аясында пайдаланылмайтын және ауыл шаруашылығы мақсатындағы заңсыз берілген жерлерді мемлекет меншігіне қайтару жұмыстары жүргізіліп жатыр. Партия Үкіметпен бірлесіп, «Ауыл аманаты» жобасын жүзеге асыруда. Ауыл тұрғындары бөлшек сауда желісінің талаптары мен тұтынушылардың сұранысын ескере отырып, ауыл шаруашылығы өнімдерін өндіру жөніндегі жаңа құзыреттерді үйренеді. Осы ретте тұрғындар саны 7,7 миллион адам болатын 2 400 ауылдық округті қамту жоспарланып отыр. Сонымен бірге Мәжіліс Төрағасы Мемлекет басшысына 23-24 маусым аралығында Чолпон-Ата қаласында өткен Түркітілдес мемлекеттердің Парламенттік Ассамблеясының XI пленарлық отырысына қатысқан Қазақстан делегациясы жұмысының қорытындысы туралы баяндады.