Алматылық урологтар 66 жастағы зейнеткерге күрделі ота жасады
Алматылық урологтар 66 жастағы зейнеткерге күрделі ота жасады
472
оқылды
Алматылық урологтар жоғары технологияның көмегімен зейнеткерге күрделі ота жасады. Орталық қалалық клиникалық аурухананың баспасөз қызметінің мәліметінше, онда несеп жолдары патологиясымен түскен 66 жастағы пациентке күрделі ота тағайындалған. Операция қаржысы міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру шеңберінде бөлінген. 1956 жылы туған ер адам көптен бері кіші дәреті тұрмай ауырған. Тексеру барысында урологтар оған қуық дивертикулі деген диагноз қойды. Уролог Бақыт Досқожаевтың айтуынша, дивертикул – қуық қабырғасының қалта тәрізденіп кетуі. Бұл қуықасты безі аденомасы, үрпінің тарылуы, несеп-зәр жолдарындағы ісік, қуық мойнының стенозы сынды аурулар салдарынан туындайтын дерт.
«Ер адамға ота жасау қажет болды. Біз ешбір тіліксіз, шағын инвазивті эндоскопиялық операция жасадық. Эндоскоптың көмегімен жасалатын бұл операция қан кетудің алдын алып, пациенттің тезірек жазылып кетуіне мүмкіндік береді. Зейнеткерге эпидуралды жансыздандыру әдісі қолданылды. Ота 40 минутқа созылды. Пациент ертеңіне аяққа тұрды», - деп атап өтті дәрігер.
Маманның айтуынша, дивертикулді дәрі-дәрмекпен емдеу мүмкін емес, ол тек хирургиялық әдіс қолданылады.