Халықтың ерен еңбегінің арқасында Алтай көркейіп келеді
Халықтың ерен еңбегінің арқасында Алтай көркейіп келеді
«Біздің мақсатымыз – аймақтағы өнеркәсіп пен ауылшаруашылық өндірісін көркейту» дейді Шығыс Қазақстан облысының Алтай ауданы әкімінің міндетін атқарушы Сергей Охременко. Аймақ басшысы жыл басынан бергі жарты жылдықтың жоспарымен бөлісіп, ауданының әлеуметтік-экономикалық дамуы мен перспективалары туралы айтып берді. Оның айтуынша, аудан өнеркәсіп және ауылшаруашылық өндірісі жағынан қарқынды дамуына байланысты мықты аймақтың бірі болып саналады. Оған негіз ретінде биылғы жылдың бес айындағы көрсеткішті айтуға болады. Мысалы, өнеркәсіп өнімін өндіру көлемі 15 млрд теңгеге жетті. Өткен жылмен салыстырғанда әлдеқайда өсім бар. Яғни, биыл өнеркәсіп өнімі 104,4 пайызға жеткен. – Ауданымыз тау-кен өндіру саласы бойынша ең бай аймақ. Сондықтан ауданның негізгі кәсіпорны – «Казцинк» ЖШС. Кен-байыту фабрикасында жыл сайын шамамен 2 млн тонна кен қайта өңделсе, 160 мың тоннадай мыс, мырыш және қорғасын концентраттары өндіріледі. Сол себепті де мекеме тұрақты түрде геологиялық барлау жұмыстарын жүргізіп тұрады. Атап айтсақ, перспективалы аймақ Ревнюшин алаңындағы «Селекция» учаскесі мен Малеев кен орнының қапталдары. Әрине, Алтай ауданында басқа да кен орындары бар екенін белгілі. Бірақ оларды анықтап, көзін табу, қоршаған ортаға кесірі тимейтінін анықтау – білікті мамандардың еншісінде. Өзге де кен-байыту орындарының көзі ашылса, аудан ғана емес қала үшін де өте маңызды. Бұл аймақтың өсіп-көркеюіне үлес қосары анық, – дейді Алтай ауданы әкімінің міндетін атқарушы Сергей Охременко. Алтай Сергей Охременконың айтуынша, электр энергиясын өндіру саласы бойынша Тұрғысын өзеніндегі электр станциясы пайдалануға берілген. Қазір электр стансасы 24,9 мВт толық қуатта жұмыс істеп жатыр. Сонымен қатар осы жылы Кутихи ауылы маңында, сол Тұрғысын өзенінде екінші электр станциясының жаңа жобасы қолға алынды. «Әзірге дайындық жұмыстары жүріп жатыр. Екінші электр стансасының қуаты 43,2 мВт-қа жеткізілмек. Егер осыған қол жеткізсек, электр энергиясын өндіру саласына ғана емес, өнеркәсіпте де маңызды қадам болмақ. Қазақстанның жалпы энергия желісіне әсер ететіндіктен экологиялық таза электр энергиясын өндіруге де жол ашады», – дейді ол. Әкімдіктің мәліметінше, өңдеу өнеркәсібінде негізгі кәсіпорын – «Бұқтырма цемент компаниясы» ЖШС. Мұнда 300 мың тонна жуық цемент өндіріледі. Бір сөзбен айтқанда, жылына 5500 миллион теңгеден астам табыс әкеледі. Жалпы, компания өндірісін барынша жаңартып, экономика тұрғысынан да жақсартқан. Пандемия кезінде әлемдік нарықтағы экономикалық тұрақсыздықтың жағымсыз әсеріне өзге елдер ғана емес, біз де іліктік. Соған қарамастан аймақта өндіріс пен қызмет көрсету көлемі 25 пайызға артқан. Тіпті, ауыл шаруашылығы саласында да өсім жаман емес. Арасындағы шағын және орта кәсіптер де жұмысын тоқтатпады. Халықтың ерен еңбегінің жемісін бүгінде аймақ көріп отыр. – Ең құнарлы да, шырайлы жердің бірі біздің өлке болғандықтан басты назарымыз егістікте. Тіпті, егістікке қажет минералды тыңайтқыштар 7,3 мың тонна көлемде сатып алынды. Биылдың өзінде ауданда көктемдік егістікке 125 шаруашылық қатысып, барлығы 75,4 мың га жерге егістік егілді. Оның ішінде: дәнді дақылдар – 38,6 мың га, майлы дақылдар – 29,5 мың га, жем-шөп – 5,3 мың га, картоп – 1,2 мың га, көкөністер мен бақша дақылдары 0,8 мың га. Оған қоса, осы жолы егістігіміз былтырғыдан бір жұма бұрын ерте аяқталды. Соның арқасында ауыл шаруашылығындағы машина-трактор паркі жоғары технологиялық техникамен және жабдықтармен жаңартуға мүмкіндік алды. Жалпы, техниканы жыл сайын жаңартуы 10-12 пайызға жүргізіледі, – деді Сергей Охременко. Сонымен бірге, биыл егістікпен айналысатын шаруаларға мемлекет тарапынан қолдау көрсетіліп, дизель отыны арзандатылған бағамен берілген. Алтай ауданына 3510 мың тонна дизель отыны бөлінді. Оның 1 литрі 205 теңгемен берілді.