Теңіз кен орнында жарылыс болып, 2 адам қаза тапты
Теңіз кен орнында жарылыс болып, 2 адам қаза тапты
© inform.kz
609
оқылды
Атырау облысында орналасқан Теңіз кен орнында жарылыс болды. Жарылыстан екі адам қаза тапты. Үш адам әртүрлі дене жарақатын алды.  Бұл деректі Атырау облыстық Полиция департаментінің баспасөз қызметі растады. Теңіз кен орнындағы жарылыс бүгін, 6 шілдеде жергілікті уақытпен сағат 09.55 шамасында болған. Бізге мәлім дерекке қарағанда, кен орнындағы атмосфералық газы бар құбырда гидротест жүргізілген. Қысымға төтеп бере алмаған құбыр жарылып кеткен. Жарылыстың салдарынан оқиға орнында екі жұмысшы көз жұмды. Ал үш адам әртүрлі дене жарақатын алып, медицина қызметкерлеріне жүгінген.
«Жылыой ауданында орналасқан Теңіз қалашығында құбыр жарылып, салдарынан 1985 жылы туған екі қызметкер қайтыс болды. Үш адам жарақаттанды. Зардап шеккен 3 қызметкерге медициналық көмек көрсетіліп жатыр», – деп мәлім етті Полиция департаментінің баспасөз қызметінен.
Қазір аталған факті бойынша  Қылмыстық кодекстің 156-бабы  3-бөлімімен сотқа дейінгі тергеу амалдары басталды. Өзге ақпарат   Қылмыстық-процестік кодексінің 201-бабына сәйкес жариялауға жатпайды. Кен орнындағы жарылысқа байланысты атмофералық газы бар құбырда гидротест жүргізу жұмыстары толығымен тоқтатылды. Тиісті органдар техникалық қауіпсіздік талабының сақталуына байланысты тексеруді бастады.