Алакөлдегі өрт: күлі қалған демалыс орындарына мемлекеттен қаржы төлене ме?
Алакөлдегі өрт: күлі қалған демалыс орындарына мемлекеттен қаржы төлене ме?
Фото: видеодан скриншот
1,584
оқылды
Алакөлде өртеніп кеткен демалыс орындарының қожайындары шаш етектен шығынға баттық деп отыр. Бұл туралы КТК арнасы хабарлады. Телеарнаның мәліметінше, тілсіз жаудың кесірінен бір ғана кәсіпкердің өзіне 150 миллион теңге залал келген. Өрт кезінде төрт база мен 20-ға жуық ғимарат күлге айналған. Көршілес ғимараттан шыққан өрт «Әйгерім» демалыс  базасына лап қойған. Сол сәтте, жалынның құрсауында қалған демалушылар кірген есігін таба алмай есеңгіреп қалыпты. Өйткені, ағаштан салынған төрт үй қағаздай жанып, жұрттың үрейін ұшырған.
Қонақүй әкімшісі Ольга Коваленко: «Қонақтарды киім-кешегімен бірден оттың ортасынан алып шығуға тырыстық. Абырой болғанда ешкім зардап шеккен жоқ.  Енді не істерімізді білмейміз? Жазғы демалысын біздің қонақүйде өткізуді жоспарлаған туристер түсіністікпен қарайды деп ойлаймыз», – дейді.
Тілсіз жау 72 орынға есептелген қонақүйді тып-типыл еткен. Ішіндегі дүние-мүліктің де күлі ғана жатыр. Қазір келген шығын көлемі шамамен 150 миллион теңгеге бағалануда.
Кәсіпкер Әйгерім Омаралинова: «Біз мемлекеттен көмек сұраймыз. Мұның барлығы несиеге салынған еді. Оны әлі төлеп отырмыз. Нақты айтқанда, 150 миллион теңге шығын бар. Бұған туристерге қайтарып беретін қаражатты қоспадық», – дейді.
Жалпы бір тәулік бойы өртенген төрт демалыс базасында жиырмаға жуық нысан жанып кетті. Құрылған арнайы комиссия шығынды есептеп жатыр. Үржар ауданы әкімінің орынбасары Дидар Хамитов: «Қазір Алакөл жағалауында 207 база қалыпты түрде қызмет көрсетуде. Төрт демалыс орнында өрт болған. Қазіргі күні мемлекеттік комиссия жұмыс атқарып жатыр», – дейді. Өрттің нақты неден шыққаны әзірге анықталған жоқ. Сотқа дейінгі тергеу басталып, бірқатар сараптама тағайындалды. Шығынға баттық деген кәсіпкерлерге мемлекеттен қолдаудың болар-болмасы әзірге белгісіз.