Ауғанстаннан Қазақстан арқылы есірткі тасымалдаған қылмыстық топ ұсталды
Ауғанстаннан Қазақстан арқылы есірткі тасымалдаған қылмыстық топ ұсталды
Фото: Reuters
Ұлттық қауіпсіздік комитеті есірткі тасымалдаған қылмыстық топты ұстады. Бұл туралы ҰҚК баспасөз қызметі хабарлады. Бұл қылмыстық топта Таяу Шығыс пен Азия азаматтары болған. Есірткі контрабандасының бағдары Ауғанстаннан бастау алып, одан әрі Қазақстан аумағы арқылы жүрген, ақырғы баратын жері Нидерланд болған. Осы топты қолға түсіру үшін ҰҚК Нидерланд корольдігінің құқық қорғау органдарымен өзара байланыс орнатты. Операцияны іске асыруға Орталық Азия өңірлік есірткіге қарсы күрес жөніндегі ақпараттық-үйлестіру орталығы мен Бас прокуратурасының қарқынды түрде жәрдем көрсетуі ықпал етті. Бірлескен істің нәтижесінде, қылмыстық топ анықталды. Нидерланд аумағында бақыланатын жеткізу барысында курьер ұсталып, одан Ауғанстанда өндірілген 30 келі героин тәркіленді. Бұдан әрі Амстердам қаласында құқық қорғау органдары тінту барысында ірі есірткі плантациясын анықтады. Сарапшылардың айтуынша, есірткінің құны – 2 миллион АҚШ доллары. Анықталған фактілер бойынша Нидерланд құқық қорғау органдары сотқа дейінгі тергеу жүргізіп жатыр.