Борис Джонсонның отставкасы: Премьер-министрдің қызметтен кетуіне себеп болған 4 оқиға
Борис Джонсонның отставкасы: Премьер-министрдің қызметтен кетуіне себеп болған 4 оқиға
483
оқылды
2019 жылдан бері Ұлыбританияның Премьер-министрі болған Борис Джонсон отставкаға кетуге келісім берді. Өз депутаттарының қолдауынан айырылған Премьер-министрдің қызметінен кетуіне себеп болған 4 негізгі оқиғаға тоқталдық. Крис Пинчер ісі 29 маусымда Парламент мүшесі Крис Пинчер Лондондағы жабық клубтардың бірінде екі адамға зорлық жасамақ болды деп айыпталған болатын. Ал бұған дейін Даунинг-стрит Борис Джонсон Пинчерді жоғары қызметке тағайындамас бұрын оның мұндай әрекеттері жайлы білмегенін мәлімдеді. Кейінірек бұрынғы мемлекеттік қызметші, лорд Макдональд Премьер-министрге Пинчердің ісі жайлы хабарлағанын айтты. Макдональдтың  мәлімдемесінен соң Борис Джонсон Пинчерге қатысты айыптаулармен 2019 жылдан бері таныс екенін мойындап, оны бас кнуттың орынбасары етіп тағайындағаны үшін халықтан кешірім сұрады.   Туған күн кеші Биыл сәуір айында Борис Джонсонға 2020 жылдың маусым айында туған күніне арналған кеш ұйымдастырып, карантин ережелерін бұзғаны үшін айыппұл салынды. Сонымен қатар Премьер-министр карантиннің алғашқы кезеңінде Даунинг-стрит саябағында өткен жасырын сауық кешке барғаны үшін де көпшіліктен  кешірім сұрады. Кейін полицейлер Даунинг-стрит пен Уайтхоллда карантин ережелерін бұзғаны үшін 83 адамға 126 айыппұл салды. Жоғары лауазымды мемлекеттік қызметші, Сью Грейдің карантин ережелерін бұзып, қоғамдық іс-шаралар өткізген саяси қызметкерлер жайлы баяндамасында  Борис Джонсон туралы да айтылды. Ал былтыр премьер-министр қауымдар палатасына карантин кезінде Парламент міндетті шаралардың барлығын сақтады деп мәлімдеген болатын.  Қазір сол бойынша қауымдар комитеті зерттеу жұмыстарын жүргізіп жатыр.   Инфлияцияның өсуі Ұлыбританияда биыл инфляция көлемі 9,1 пайызға дейін  жетті. Инфляция өсіміне Премьер-министрдің тікелей қатысы жоқ болса да ағылшынддар бұл мәселеде де оны кінәлі деп санайды. Себебі азық-түлік пен мұнай бағасының өсуіне әсер етуші негізгі фактор – Ресей мен Украина арасындағы қақтығыс. Борис Джонсон басқарған Үкімет жанармай бажын литріне 5 пенс төмендетті, бірақ сәуір айынан бастап ол қайта қымбаттады.  Ал ұлттық сақтандыру бір фунт үшін 1,25 пенске қымбаттаған. Осы ретте Үкімет салықтың өсуі денсаулық сақтау мен әлеуметтік көмек шығындарын жабады деп түсіндірді. Сондай-ақ табысы жылына 34 мың фунт стерлингтен асатын азаматтар салықты көп мөлшерде төлей беретінін мәлімдеді. Сондықтан ағылшындықтардың басым бөлігі үкіметті қазіргідей ауыр дағдарыс кезінде салық мөлшерін арттырғаны үшін айтыптады.   Оуэн Патерсон ісі 2021 жылдың қазан айында қауымдар Палатасының комитеті сол кездегі депутат Оуэн Патерсонды 30 күнге жұмыстан шеттетуді сұрап, консерваторларға өтініш жолдады. Комитет оны компанияларға пайда әкелуге тырысып, лобби ережелерін бұзды деп айыптаған. Бірақ Премьер-министр бастаған консерваторлар Оуэн Патерсонды жұмыстан шеттетпей, арнайы тергеу барысын бақылау үшін жаңа комитет құрып, халық наразылығын одан сайын күшейтті. Халық наразылығынан соң Паттерсон өз еркімен отставкаға кетті. Ал кейінірек Борис Джонсон осы мәселеде де қателік жібергенін мойындап, көпшіліктен тағы да кешірім сұрады. Осылайша, Борис Джонсон басқарған Үкіметке де, Премьер-министрдің жеке өзіне де айыптаулар тағылып, азаматтар арасында рейтингі төмендеп кетті. Премьер-министрдің бұған дейін жоққа шығарған әр қателігін мойындап, кешірім сұрағаны оған деген сенім деңгейін одан әрі түсіріп жіберді. Әлем елдерінің реакциясы Әлем елдері тарапынан Борис Джонсонның отставкаға кетуіне қатысты түрлі пікірлер айтылып жатыр. Оның ішінде белсенді пікір білдірушілер Украина мен Ресей билігі өкілдері. Ресей элитасының өкілдері Украинаға жақтасқан Премьер-министрдің қызметтен кеткеніне қуанышты екендіктерін білдіріп, әлеуметтік желіде мысқылдап жарыса пікір жазып жатыр. Ал Украина тарапы Борис Джонсонға өздеріне көрсеткен қолдауы үшін алғыс білдіруде. Қазақстанда бұл туралы ауқымды талқылаулар болып жатқан жоқ. Жалпы, Ұлыбритания мен Қазақстан арасында дипломатиялық қарым-қатынас еліміз тәуелсіздігін алғаннан бастап жақсы дами бастады. Екі ел арасында білім, экономика, көлік-транзит бағыттары бойынша біршама бірлескен жоба жүзеге асырылып келеді.