«Әуежай 2018 жылы ашылған. Былтыр ұшу-қону жолағын қайта жөндеу жұмыстары жүргізіле басталды, бәрі дұрыс болса, осы айда жөндеу жұмыстары аяқталады. Тамыз айынан бастап, жұмысы жанданады», – деген әуежай басшысы Ә.Бақытжанов осыдан біраз бұрын облыс әкіміне 10 шілдеде ұшақтар қатынай бастайтыны жайлы айтылғанын ұмытып кеткен сыңайлы. Күніне 400 адамға қызмет көрсетуге қауқарлы әуежайдың «әләулайы» әлі таусылмайтындай. Ал тамызда демалушылар қатары сирей бастайды.Мәжіліс депутаттары тағы бірқатар туристік нысанды аралады. Көл жағалауын дамытудың бас жоспарына сәйкес ауылдарда, демалыс орындарында электрмен қамту, кәріз жүйесін жүргізу қолға алынған. Биыл жағалауда 3 ірі инвестициялық жоба жүзеге асырылып, ірі демалыс орындары іске қосылыпты. Жалпы саны 100-ге жуық жаңа жұмыс орны ашылып, жобаларға 3 млрд теңгедей инвестиция тартылған. Ал былтыр жағалауда 1 млн 400 мың адам демалып, 8,5 млрд теңгеге қызмет көрсетілген.
«Алакөл – өңірдегі туристік әлеуеті зор аймақ. Мұнда жазғы маусымда көлге шомылуға миллионнан астам адам келеді. Сондықтан өңірдің туристік тартымдылығын одан әрі арттыру үшін көл жағалауындағы инфрақұрылымды дамыту – басты міндет. Жерлестерімізден бөлек, шетелдерден туристер келеді. Сондықтан біз өз тарапымыздан тиісті қолдаулар көрсетуге дайынбыз», – деді Данияр Әлімбаев.Жергілікті билік өкілдерінің айтуынша, биыл жағалауларды бекіту, қоршау жұмыстары басталған. Ақши мен Көктұма ауылдық округтерінде жалпы ұзындығы 13,4 км жағалау қоршалуға тиіс. Әзірге қоршалған жер – 770 метр. Құны 6 млрд теңге болатын жоба кезең-кезеңімен игерілмек.
Болат АБАҒАН, Алматы облысы