Адамның атының сүйкімді болуы да зор бақыт. Себебі шыр етіп дүниеге келгенде ата-ананың баласына азан шақырып қойған есімі тікелей тағдырына әсер етеді. «Атымды айта бастасам, тілім таңдайыма жабысып қалғандай болады да тұрады» деп өкінетін Қожа ғана емес екен. Бүгінде қыздар арасында Ұлжан, Ұлбала, Ұлтуар сияқты есімдерін ауыстыратындар жиілепті. Мұның себебі неде? Жалпы, ислам дінінде есім ауыстыруға рұқсат берілген бе?
Халқымызда ұрпақ жалғастырушы бір ұл дүниеге келсін деген ниетпен түбірін ұлдан басталатын есім қоятын тренд бұрыннан бар. БҰҰ Қазақстандағы әлем халқы қоры (ЮНФПА) елімізде есімінің түбірі ұлдан басталатын әйелдерді санап шығыпты. 1905-2019 жылдар аралығында 75 400 қызға осындай есім қойылған. ЮНФПА зерттеуіне үңілсек, Ұлболсын аталған қыздардың 53,6 пайызы ауылда дүниеге келген екен. Мәселен, 1990-1999 жылдар аралығында 13 803 есім тіркелсе, 2010-2019 жылдарда 12 264-ке төмендеген. Ұлдан басталатын есімді қыздарына жиі қоятын оңтүстік өңірі екен. Соның ішінде Алматы, Жамбыл, Қызылорда, Түркістан облыстары, Шымкент және Алматы қалаларында мұндай есімді қыздар көп. Үлес салмағы бүкіл республикаға шаққанда 69,6 пайыз болады. Батыс өңірде – 16,3 пайыз, орталықта 8,4 пайыз екен. Ал мұндай есімді аз қоятын аймақтар – Солтүстік, Шығыс өңір. Мысалы, Шығыс Қазақстан, Қостанай және Солтүстік Қазақстандағы түбірі ұлдан басталатын ныспысы бар қыздардың үлесі – 5,7 пайыз ғана.
Психологиялық қысым көреді
Адамның өмір бойы ең көп еститін сөзі – есімі. Сондықтан да есімі әдемі қойылған балалар өзіне сенімді болып өссе, ата-анасының қалауымен «ұл» сөзін арқалап күн кешетін қыздар томаға-тұйық болып бойжетеді. Психологтардың айтуынша, буллингке ұшырайтын қыздардың бір тобы – есіміне байланысты кемсітуге тап болғандар. Балаларға адамның атын мазақ етуге болмайтынын түсіндіру оңай емес. Сыныптастардың келемеждеуі – жиі кездесетін құбылыс. Бұл дегеніміз – қыз баланың психикасына ауыр соққы болып тиеді. Өсе келе есімін атап, танысуға да ұялуы бек мүмкін. Демек, баласын ойлаған ата-ана бірінші кезекте қойылатын аттың әуезді, әдемі, мағыналы болуына баса мән беруі керек.
– Адамның есімі адамның болмысына, мінез-құлқына әсер етеді. Сондықтан есім таңдаған кезде мұқият болған дұрыс. Балаға қойылатын есім сол сәбиге арналған тілекпен қойылуы керек. Ал Ұлболсын, Ұлжалғас сияқты есімдердің қызға ешқандай қатысы жоқ. Өсе келе бала есімінің мағынасын түсініп, белгілі бір дәрежеде психологиялық қысым көреді. Іштей ата-анасына ренжіп өмір сүреді, – дейді психолог Ержан Мырзабаев.
Мектепте осындай буллингке ұшыраған жандардың бірі – Мадина Қасымова. Оның туғанда берілген есімі – Ұлбала. Мадинаның айтуынша, балаға ат қою – үлкен жауапкершілік. Мұндайда ата-ана жүз ойланып барып шешім қабылдауы керек. Өйткені олардың ұл қалаған ниетінен бұрын, ол есіммен өмір бойы жүретін қызын ойлағаны әлдеқайда маңызды.
– Үйдің үшінші қызымын. Сондықтан әкем есімімді «Ұлбала» деп қойыпты. Бірақ кішкентай кезімде балалар көп мазақтайтын. «Атыңа затың сай ма?» дегенде ашуланатынмын. Сондықтан танысқан кезде атымды айтқым келмейтін. 16 жасқа толып, жеке куәлік алатын кезде әкем қарсы болса да, азан шақырып қойған есімімді өзгертіп алдым. Болашақта балаларыма мұндай есім қоймас едім, – деді Мадина Қасымова.
Есім ауыстыруға дінде рұқсат етілген
Психологиялық қысымнан кейін бойжеткендердің көбі есімін өз қалауы бойынша өзгертіп алады. Қазақстан заңында да есім ауыстыруға кедергі жоқ. 16-ға толған кез келген азаматтың қалауына қарай атын құжат жүзінде өзгертуге құқығы бар. Ол үшін өтініш жазып, қажет құжаттарды тапсырып, баж салығын төлейді. Не үшін ауыстырып жатқанын түсіндірген соң, өтінім бір ай уақыт ішінде қаралады. 30 күннен кейін жаңа куәлігі қолына беріледі. Ал дінтанушы Кеңшілік Тышқанұлы исламда ұнамсыз есімдерді өзгертудің ағаттығы жоғын айтып отыр. Азан шақырып ат қою Пайғамбарымыздан (с.ғ.с.) бері келе жатқан үрдіс. Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) ат қою жөнінде бірнеше өсиет пен ескертулер жасаған.
– Қазақтың дүниетанымындағы түсінік бойынша ұл күткен отбасы қыздарына Ұлболсын, Ұлмекен сияқты есімдер қояды. Осыдан кейін дүниеге ұл бала келеді деген түсінік бар. Егер адамға есімі ұнамайтын болса оны ауыстыра алады. Дінде қандайда бір есімде қалу керек деген қатып қалған қағида жоқ. Кәмелет жасқа толмаса ата-анасының келісімімен, толса өзінің қалауымен ауыстыруға заңдық шеңберде де, дінде де кедергі жоқ, – деді Кеңшілік Тышқанұлы.
Гендерлік теңдік мәселесін зерттеп жүрген халықаралық құқық магистрі Әйгерім Құсайынқызының пікірінше, қыздар өз есімінен намыстанып, тағдырына балта шабатындай болса, азан шақырып қойған есімін өзгертуі керек.
– Біріншіден, осындай есім арқалап жүрген қыздар өзін отбасында керексіз бала сезінеді. Ата-ана «ұл» сөзі бар есім қойғанда, «ұл болсыншы» деген тілегін кімге жеткізіп отыр. Келесі бала ұл болсын деп Құдайдан сұрап отыр ма, әлде қызға айтып отыр ма? Менің ойымша, ата-ана қыз болып дүниеге келгені үшін баласына мұндай есім беріп кінәламауы керек. Тіпті, алматылық режиссер Екатерина Суворова осындай есімі бар қыздардың тағдырын суреттейтін «Қызболсын» деген туынды түсірді. Бірақ Ұлболсын деп есім қойса да, болашақта Қызболсын деген есім қойылмайды, – деді Әйгерім Құсайынқызы.
Үлкендерден «қызықты қыздан көрдік» дегенді де естіп жатамыз. Демек, баланың жынысы емес, оның тәрбиесі мен көргені әлдеқайда маңызды. Келешекте Ұлбала мен Ұлтуарлардың саны азайып, әр бойжеткен өз есіміне риза болып күн кешер. Ал ол үшін әр ата-ана баласына есім қоярда жауапкершілікпен қарауы қажет.