Қазақстанның Ішкі істер министрі Марат Ахметжанов осы саладағы жетістіктер, алдағы уақытта іске асатын жоспарлар туралы «Қазақпаратқа» сұхбат берді.
Министр қоғамда жиі талқыланатын қаңтар оқиғасы, тергеу кезіндегі азаптау, жемқорлық, бейнекамерамен жабдықтау мәселелерін де тілге тиек етті.
Оның айтуынша, Президенттің тапсырмасымен Ішкі істер министрлігінің орталық аппаратында, Көліктегі ПД, Әскери-тергеу басқармалары мен аумақтық полиция департаменттерінде тегіс бейнекамералар орнату жұмысы аяқталып келеді. Халықпен жұмыс істейтін полиция кабинеттерінде 18 148 бейнекамера орнатылды. Сондай-ақ биыл 7 сәуірде Ішкі істер министрлігі мен Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі өзара ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойды.
«Жасыратыны жоқ, полицейлер халықпен тығыз байланыста жұмыс істейтіндіктен, тұрмыстық деңгейдегі жемқорлыққа барынша бейім келеді. Мемлекет басшысы да жемқорлықты түп-тамырымен жоюды бірнеше рет айтқан болатын. Біз осы ынтымақтастық арқылы ақшаға сатылмайтын, қызметіне адал полицейлердің қатарын көбейтуді мақсат тұтамыз. Сонда ғана халық полицияға сенеді, өзінің қорғаны тұтады», – деді Марат Ахметжанов.