Шетелге заңсыз шығарылған миллиардтарды Қазақстанға қайтару басталды
Шетелге заңсыз шығарылған миллиардтарды Қазақстанға қайтару басталды
© А. Ахметқазы
11,546
оқылды
Бүгінде елден заңсыз шығарылған қаржының жалпы сомасы 140-160 млрд долларды құрайды. Бұл туралы биыл ақпанда Мәжіліс депутаты Мақсат Раманқұлов Tax Justice Network ұйымы деректеріне және «Панама құжатына» сілтеме жасай отырып мәлімдеген болатын. Сондай-ақ Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев та шетелге заңсыз шығарылған қаржы активтерін Қазақстанға қайтару қажеттігі туралы жиі айтып жүр. Ақпан айында үкіметке аталған мәселеге қатысты екі ай ішінде ұсыныстар әзірлеу туралы тапсырма да берген болатын.
«Заңсыз активтерді қайтару – күрделі және ұзақ процесс. Біз бұл туралы ашық айтып, әділеттілікке жету жолында жұмыс бастауымыз керек. Шетелге заңсыз шығарылған қаражат отанына қайтарылуы қажет», - деген болатын Президент өз сөзінде.
Үкімет қандай шара қолданады? Қазақстан Премьер-министрі Әлихан Смайылов 5 сәуірде Үкімет кеңесін өткізген болатын. Кеңесте шетелге аударылған активтерді елге қайтару және елден ірі көлемде қаржы шығарудың алдын алу мәселелеріне қатысты ұсыныстар талқыланды. Нәтижесінде Премьер-министрдің бастамасымен бес жұмыс тобынан тұратын комиссия құрылды. Комиссияны Бас прокурор Берік Асылов басқарады. Үкімет тарапынан шетелден қайтарылған соманың 80%-і теңгеге ауыстырылса, қосылған құн салығын (НДС) қайтарушыға беру туралы ұсыныс айтылды. (Қазақстанда ҚҚС салық салынатын активтер сомасының 12%-ін құрайды). Мәселені шешудің тағы бір механизмін саясаттанушы Расул Әмрин «31 арнаға» берген сұхбатында ұсынды. Оның айтуынша, кеткен экс-шенеуніктер мен олигархтарға оларға қатысты қылмыстық істі жабу үшін ақшаның бір бөлігін қайтару туралы шарт қою қажет. Саясаттанушы бұл ең қарапайым әрі тиімді әдіс екенін айтты. Сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес агенттігінің бұрынғы басшысы Марат Ахметжанов заңсыз шығарылған капиталды елге қайтару процесі бойынша арнайы топ жұмыс істеп жатқанын мәлімдеді. Оның өкілетті органы – Қаржылық мониторинг агенттігі, Бас прокуратура және Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі. Бұл туралы ол биыл 16 ақпанда өткен Мәжіліс отырысында айтты. Сондай-ақ Ахметжановтың пікірінше, елден заңсыз шығарылған қаржыны қайтару үшін шенеуніктердің негізсіз баюын қатаң бақылауға алуға мүмкіндік беретін арнайы заң қажет.
«Мұндай жағдайда адам қаражаттың қайдан келгенін түсіндіре алмаса, заңға сүйене отырып активтерді қайтаруға мүмкіндігіміз бар», – деді Марат Ахметжанов.
  Заңсыз түрде шетел асқан қаражатты елге қайтару неге қиын? Қаржы активтерінің елден заңсыз шығарылғанын дәлелдеу күрделі процесс. Бұл туралы сарапшы Арман Бейсембаев Informburo-ға берген сұхбатында айтты. Оның айтуынша, ақшаны сот көмегінсіз қайтару екіталай. Көп жағдайда қаржыны алған тарап оны барынша өз елінде алып қалуға тырысатыны анық. Сонымен қатар заңсыз шығарылған қаржыны қайтару үшін Қазақстан қаржыны алған елдің сотына жүгінуге тиіс. Ақша сол мемлекеттің экономикасы үшін тиімді болғандықтан, өзге елдерге каржыны кері қайтару тиімсіз. Сондықтан сот процесі күрделі болып, ұзаққа созылады.   Миллиардтарды қайтаруға Еуропалық Одақ қандай көмек көрсетпек? Бүгін Сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес агенттігінің басшысы Олжас Бектенов Орталық Азия бойынша арнайы өкіл Тери Хакал бастаған Еуроодақ делегациясымен кездесті.
«Біз Қазақстаннан Еуропаға шығарылған активтерді қайтару туралы сұраныстарға қолдау көрсетуге дайынбыз», – деді Тери Хакала кездесу барысында.
Осылайша, алдағы уақытта Еуропа аумағына заңсыз шығарылған активтерді қайтару бойынша Қазақстан Еуропалық Одақпен бірлесе жұмыс істемек.