«Қазақанимация» – жаңа мультфильм алаңы
«Қазақанимация» – жаңа мультфильм алаңы
727
оқылды
«Қазақфильм» акционерлік қоғамы жанынан «Қазақанимация» шығармашылық бірлестігі құрылады. Бұл туралы өзінің Facebook парақшасында Мәдениет және спорт министрі Дәурен Абаев мәлім етті.
«Бүгін Шәкен Айманов атындағы «Қазақфильм» акционерлік қоғамы жаны­нан «Қазақанимация» шығарма­шылық бірлестігін құру бойынша жиын өткіздім. Өздеріңізге белгілі, жас ұрпақ тәрбиесі анимациямен тығыз байла­нысты. Қазір бүлдіршіндеріміз батыстан үздіксіз келіп жатқан шетелдік өнімдерді қарап, тілімізге де, ділімізге де қайшы мультфильмдерді көптеп көріп жатқаны жасырын емес. Сол себепті де біз өзіміздің ұлттық құндылықтарымызға негізделген отандық өнімдеріміздің өрісін кеңейтуді қолға алып отырмыз. Мәдениет және спорт министрлігінің тікелей бастамасымен «Қазақанимация» бірлестігінің жұмысын іске қосу – ең алдымен ұлттық анимацияны қолдаудың жаңа жүйесін қалыптастырады. Әрине, ауқымды жұмысты бірден жолға қою оңай емес», – деді министр.
Абаевтың айтуынша, бірінші кезекте анимациялық пилоттық жобалардың сценарийлеріне байқау ұйымдастырыл­мақ. Ұсынылған жобаларды іріктеу үшін сараптамалық кеңес құрылатын болады.
«Сондай-ақ жиында отандық ани­мация мамандарының шетелдік ком­панияларда тағылымдамадан өтуі жайлы мәселе жан-жақты сараланды. Бүгінде әлемнің бірнеше жетекші анимациялық студиясынан шетелдік маман тарту ар­қы­лы жыл соңына дейін алғашқы 10 пи­лот­тық жобаны көрерменге ұсынуды көздеп отырмыз. Біз осы жұмыстар арқылы ұлттық анимацияның бәсекеге қабілеттілігін арттырып, ол өнімдерді үлкен прокатқа шығаруды жоспарлаймыз. Заман көші­нен қалмай, білімді де білікті шығарма­шыл жастарымызды қолдап, жаңа идеялар мен тың бастамаларға ыңғайлы алаң жасауымыз қажет. Аудитория сұранысын қанағаттандыратын сапалы контент қалыптастырып, шетелдік әріп­тестермен тығыз байланыс негізінде қазақ анимациясын халықаралық дәре­жеге көтереміз деп сенемін», – деді Д. Абаев.