Жаңа оқу жылында мемлекеттік және ұлттық университеттерде оқу ақысы қымбаттамайды. Бұл туралы Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек айтты.
«Ақылы оқудың бағасы – көп адамдардың көкейінде жүрген мәселе. Бірнеше жоғары оқу орны, әсіресе батыс өңірлерде бағаны көтерді. Біріншіден, бұлар – жекеменшік жоғары оқу орындары. Екіншіден, бұған дейін бірнеше жыл оқу бағасын көтеруге мораторий болған. Сол мораторий мерзімінің аяқталуын күтіп-күтіп, қазір біраз көтере бастады. Бірақ біз биыл мәселені түсініп отырмыз. Қазір әлеуметтік-экономикалық жағдай қиын бір кезеңге тап келіп тұр. Геосаяси мәселелер бар, бағалар көтеріліп келе жатыр. Сондықтан мемлекеттік, ұлттық жоғары оқу орындарында шәкіртақы төлемақылары көтерілмейді», – деді министр.Саясат Нұрбектің айтуынша, мемлекеттік жоғары оқу орындарындағы білім алу ақысы ұдайы бақылауда болмақ.
«Оны біздің министрлік бақылауда ұстайтынын нақты айта аламын. Бірнеше жекеменшік университетте баға көтерілді. Бірақ мемлекеттік университеттерде бағаны биыл көтермейміз. Яғни, былтырғы оқу жылындағы деңгеймен қалады», – деді ол.