«Бала кезімде теледидардан әлем чемпионатын тамашалап отырып, «Мен де әлемге әйгілі футболшы болсам...» деген асқақ арман болды. Бүгінде арманым орындалды. «Қайрат» футзал клубының шабуылшысымын. Биыл футзалдан «Еуро – 2022» үздік бомбардирі атағына ие болдым. Мен қазақтар футбол ойнай алмайды деген қатып қалған стереотипті бұзғым келеді. Осы орайда қазақ футболын дамыту үшін ауыл-аудандарға көбірек назар аударылса деймін. Өйткені, өз басымнан өткендей ауыл баласына футбол тебуіне мүмкіндік бола бермейді. Ауыл балаларын футболға баулып қана қоймай, шағын футбол алаңдарын ауылдарда көбірек салса жөн болар еді. Мұнымен қоса жас футболшыларды дайындайтын білікті жаттықтырушылар өте аз. Сондықтан шетелден мықты тренерлер шақырып, жаттықтырушыларымыздың біліктілігін арттыруға көңіл бөлінсе жөн болар еді», - дейді Біржан Оразов.
Жас футболшы съезд барысында жастар қанатын «Жастар рухы» деп атауды ұсынып, бұл ұсыныс бірден қолдау тапты.
«Шын жүректен шыққан сөз жүрекке жетеді. Сол себепті мен алаңға шыққан кезде, көк туымыз желбіреп көкке көтерілгенде, қолымды жүрегіме қойып Әнұран айтқанда рухым оянады. Сол кезде Қазақстан үшін барымды саламын деп ойынға шығамын. Мен сияқты намысшыл, рухты жастарымыз көп. Сондықтан бүгінгі Съезд делегаттарына партияның жастар қанатының атауын «Жастар рухы» деп өзгертсек деген ұсынысым бар», - деді Біржан Оразов.
Қазақ футболының одан әрі дамуы үшін үлес қосуға асыққан жас футболшының жігерлі сөздері жүрекке жеткені анық. Ал, ұсыныс шынында да қолдау тауып, ауылдың қара домалақ балаларының футбол тебуіне назар аударылса бұл істің нәтижесі де зор болатыны сөзсіз.
Ақмола облысы