«Біз қалдық суды түннің бір уағында немесе таңға жуық жібере ме, деген күдігіміз бар. Себебі құбыр сол күйі тұр. Жақында ауданнан комиссия келіп, үлкен шу болған. «Балмұздақ» кәсіпорнының иесі сол кезде шайынды суды өзенге жіберіп отырғанын мойындап, кешірімін сұрады. Бірақ құбырды алмай отыр. Өзеннің бойындағы Тағайна, Әлішер Науаий, Киелітас, Ақайдар ауылының балалары осында шомылады. Өзімнің балам қазір ауырып жатыр. Аты аталған ауылдың малы да суды осы жерден ішеді. Біз неше жылдан бері айтып жүрміз. Нәтиже жоқ», – дейді ауыл тұрғыны Меруерт Жұмаева.Тағайна ауылының тұрғыны Мафтуна Омарғалиева да балаларының өзенге шомыла алмай жүргенін, химикаттан аллергия қозатынын жеткізді. Жақында осында шомылған балалары қазір іші ауырып жатыр екен.
Бір қызығы, серіктестіктің заңгері мұны толығымен жоққа шығарып отыр. Бұл жерден қалдық су емес жаңбырдың суы ағады деп азар да безер болды. «Біздің цех 1997 жылдан бері жұмыс істеп келеді. Бұл құбыр бізден бұрын болған лимонат цехы кезінен тұр. Біз салған емеспіз және қалдық суды төкпейміз де. Шайындыны арнайы ыдыста сақтап, көлікпен сыртқа шығарамыз. Өткенде бейнежазбада көрген суларыңыз сүт таситын көлік қалдығын шайып, лотокқа құйып кеткен. Бірақ одан иіс шықпау керек. Сүттің қалдығы ғой», – дейді «Балмұздақ» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің заңгері Ералы Ашрапов.Алайда бейнежазбадан көргеніміздей, құбырдан ағып жатқан су көлік шайған суға мүлдем ұқсап тұрған жоқ. Толассыз атқылап ағып жатыр. Осы мәселенің басы-қасында жүрген Меруерт Жұмаева зерттеу жұмыстарын жүргізу барысында цехтағы қалдық суды жинайтын құдықтың жанынан құбыр шығарып қойғанын көрген. Аталған құдықтағы қалдық су толғанда әлгі құбырмен өзенге қарай құйылады екен. Расында да, қалдық су жинайтын құдық сақталған қойма сыртынан латок қойылған. Тіпті, құбырдың 80-жылдардан қалған дегені де ақылға сыймайтын сияқты. Себебі ол кездегі құбырлар темірден жасалатын. Ал мына құбыр желімнен жасалған соңғы жылдары пайды болған құбыр екені көрініп тұр.
Осынау мәселеге қатысты дау шыққанда аудандық мәслихат тарапынан арнайы комиссия құрылыпты. «Әлеуметтік желіге салынған фото-видеоларға байланысты сол күннің уақытысымен жергілікті ішкі істер бөлімінің учаскелік инспекторлары хаттама толтырып, Төлеби аудандық санитарлық-эпидемиологиялық басқармасына ұсынды. Құзырлы орган нақты дәлелдемелерге сүйеніп, серіктестікке қалдық суды төгіп отырғанына орай 310 АЕК көлемінде, яғни 1 млн теңгеге жуық айыппұл салды. Енді жасырын жүргізілген құбырды алып тастау жағы қарастырылып жатыр. Егер ол жойылмаған жағдайда жұмысшы топ ары қарай мұны қоғамдық мәселеге салып, қосымша тағы жұмыстар атқарады деп отырмыз. Одан бөлек, Экология департаментіне де құжат жолданған. Олар да өз құзыреті шегінде заңды шешім шығарар. Шын мәнінде қарасақ, цех территориясының жанынан өтетін арықтағы судың осында келіп құятыны көрініп тұр. Бірақ ол жерден шайынды су аға ма, басқа ма ол жағын құзырлы орган айтатын шығар», – дейді Бірінші Мамыр ауылының әкімі Ханай Әшірбаев.Ауыл тұрғындары да жақында цех аумағы жанынан өтетін арықтағы суға қызыл түсті калий перманганатын салып көрген. Сол қызыл түс Бадам өзеніне келіп құйылыпты. Тіпті, депутаттардан құрылған комиссия да сасық иісті сезген. Алайда құбырдың суын енді ғана тоқтатқан серіктестік өкілдері мұнда ешқандай қалдық су жібермейміз деп отырғаны көңілге күдік ұялатады. Ал тұрғындар құбырды түбімен алып тастатпай тынбаймыз, сенбейміз деп отыр.
Түркістан облысы