Атырау облысында өртенген мың қойдың иесіне өтемақы төленбейді
Атырау облысында өртенген мың қойдың иесіне өтемақы төленбейді
553
оқылды
Атырау облысының Құрманғазы ауданында 1 мыңнан астам еділбай тұқымды қой өртеніп кеткен еді. Бірақ кәсіпкерге бұл үшін өтемақы төленбейді, – деп хабарлайды ҚазАқпарат. Облыстық Ауыл шаруашылығы басқармасы басшысының орынбасары Азамат Айтқалиевтің айтуынша, Құрманғазы ауданында өрт шалған 1 мыңнан астам қойдың жартысы ет комбинатына жөнелтілді.
«Құрманғазы ауданындағы «Сүйіндік асылтұқымды қой зауыты» ЖШС иелігіндегі 1 мыңнан астам еділбай тұқымды қойды дала өрті шарпыды. Оның ішінде 619 саулық, 414 қозы болғаны анықталды. Ауладағы 516 қой, 1 інген, 1 бота толықтай өртеніп кеткен. Ал 13 қой жоғалған. Қазір шаруашылыққа келтірілген шығын анықталып жатыр. Бірақ серіктестік басшылары малды сақтандырмаған. Сол себептен, кәсіпкерге мемлекет тарапынан өтемақы төленбейді», – дейді Азамат Айтқалиев.
Оның дерегіне қарағанда, 500-ден астам қой көршіліс Батыс Қазақстан облысының Жаңақала ауданында орналасқан ет комбинатына жөнелтілген. Термиялық өңдеуден өткен соң одан ет өнімдері дайындалады. Құрманғазы ауданы әкімдігінің баспасөз қызметінен мәлім еткендей, өрт шарпыған жер көлемі 47 гектарды құраған. Дала өрті Жалғызапан ауылының Асқар, Бесоба, Апандыкөл қыстақтарының аумағына жайылған. Өртті сөндіруге Сүйіндік ауылдық округінен 30 тұрғын, Азғыр өңірінде геологиялық барлау жұмыстарын жүргізіп жатқан «ТАТ Арка» ЖШС-ның 10 техникасы тартылған.