Атырауда бірнеше бала аттракционнан құлап кетті. Облыстық Полиция департаменті оқиғаға қатысты түсініктеме берді.
Облыстық Полиция департаментінің баспасөз қызметінің хабарлауынша, оқиға жақында ғана ашылған «Керемет» балалар ойын-сауық орталығында болған. Балалар отырған аттракцион тоқтап қалып, салдарынан бірнеше бала құлап кеткен. Балалар жедел жәрдеммен облыстық балалар ауруханасына жеткізіліп, оларға алғашқы медициналық көмек көрсетілді.
«Қылмыстық кодекстің 141-бабы (Балалардың өмірі мен денсаулығының қауіпсіздігін қамтамасыз ету жөніндегі міндеттерді тиісінше орындамау) бойынша қылмыстық іс қозғалды. Қазір тергеу амалдары жүргізілуде», – деп хабарлады облыстық Полиция департаментінің баспасөз қызметі.