Бағы жанбаған бағдарлама
Айта кетейік, о баста «Цифрлы Қазақстан» бағдарламасы қолға алынғанда оған үлкен үміт артқанымыз рас. Үкімет 2018-2022 жылдарға арналған «Цифрлы Қазақстан» бағдарламасына бюджеттен 108,6 млрд теңге бөлді. Ол мемлекеттік басқарудың тиімділігі мен ашықтығын, білім беру мен денсаулық сақтау саласының сапасын арттырып, республиканың инвестициялық ахуалын жақсартады, ЖІӨ-нің өсімін қамтамасыз етеді деп ойлады. Енді араға 4 жыл салып оның нақты қандай жетістікке жеткізгенін, ненің ескерілмей қалғанын бағамдауға болады. Көз көріп отырғандай, осы уақыт ішінде үздік ІТ-инфрақұрылым құрудың және ақпараттық-коммуникациялық технология экспортын ұлғайтудың сәті түскен жоқ. Бұл туралы «Цифрлы Қазақстан» мемлекеттік бағдарламасы бойынша кешенді тексеру жүргізу кезінде мәлім болды. Есеп комитетінің есебін тыңдасаң талай шалағайлықтың шеті шығады. Аудит қорытындысы көрсеткендей, бағдарламаға бөлінген 77 млрд теңгенің 15 млрд теңгесі бойынша түрлі заңбұзушылықтар анықталған. Ал 64 млрд теңгеге жасалған 135 ақпараттық жүйенің бүгінде 18-і жұмыс істемей тұр. Олардың әрқайсына орташа алғанда 1,5 млрд теңгеден жұмсалғанын ескерсек, яғни ай-күн аманында 27 млрд теңге ұшты-күйлі жоғалды. – Кейінгі алты жыл ішінде мемлекеттік органдарда бұлтты құжат айналымын енгізу бойынша ешқандай нәтижеге қол жеткізілген жоқ. Сауатсыз менеджменттің кесірінен бірқатар инвестициялық жобалар құрдымға батып, болашағы жоқ деп танылды. Мәселен, жалпы сомасы 987,9 млн теңге болатын Smart Contract, «E-Заң көмегi» заң көмегі бойынша бірыңғай ақпараттық жүйе, Бірыңғай байланыс орталығы жобалары шығынды және болашағы жоқ деп танылды, – дейді Есеп комитетінің төрағасы Наталья Годунова. Одан бөлек, компания сатып алу кезінде мемлекеттік ғимараттардың құнын асырып көрсету арқылы 216,5 млн теңгені орынсыз жұмсаған. Сөйте тұра, өзіне жүктелген міндетті орындамаса да Мемлекеттік кіріс комитетінен 15,7 млн теңгені әбжілдікпен тегіннен-тегін қақшып алған. Тіпті, сатып алу ережесін бұза отырып, Mitwork бірыңғай электрондық порталына енгізбей 427 млн теңгенің саудасын жасаған. Мемлекеттік органдар арасында өзара байланыстың жоқтығы салдарынан «Зерде» холдингінің мекемелер бойынша 208,9 млн теңгеге жүргізген талдауын Ұлттық экономика министрлігі де өз алдына жеке ұйымдастырыпты. Сөйтіп, бір зерттеу екі қайталана жасалып, бюджет ақшасы екі рет шашылған. Сонымен қатар ІТ холдингтің өзінде о баста белгіленген мақсат пен міндеттерді орындау барысында сабақтастық сақталмаған. Мекемеге жаңадан келген әр басшы өзінің алдындағы басшының жұмысын әрі қарай іліп әкетіп, жалғастырудың орнына өзінше «жаңалық» ашып отырған. Осыдан барып небір тәуір бастамалар орта жолдан үзіліп, аяқсыз қалған. Сөйтіп, бюджет ақшасы орынсыз жұмсалып отырған.Үй ішінен үй тігіп
Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігі «Цифрлы Қазақстан» бағдарламасын жүзеге асыруды «Зерде» холдингіне жүктеп, оған бюджеттен 578 млн теңге бөлді. «Зерде» бұл міндетті өз кезегінде өз ішінен бөлініп шыққан еншілес компанияларға артты. – «Зерде» АҚ қызметі тиімсіз, оның қызметтік шығыны еншілес ұйымдар арқылы жабылады. Холдинг қолдан жасанды бәсекелестік жасап алған. Ол бюджет қаржысын тиімді пайдалану принципін бұза отырып, сатып алулардың 76,7 пайызын бір көзден алған. Сондай-ақ атқарылмаған жұмыстарға да ақы төлеген,– дейді Есеп комитетінің төрағасы. Аудит кезінде «Зерде» холдингі мен оның еншілес ұйымы – «Ұлттық ақпараттық технологиялар» АҚ («ҰАТ» АҚ ) 98,1 млн теңгенің қаржылық және 34 процедуралық шешімдерін бұзғаны анықталды. Тексеріс қорытындысы бойынша, аталған заңсыздықтарға жол берген қызметкерлердің жауапкершілігін қарау, мемлекеттік активтерді басқару және пайдалану тиімділігін арттыру, сондай-ақ табылған кемшіліктерді жойып, одан келтірілген шығынның орнын толтыру жөнінде бірқатар нұсқау түскен болатын. Қазіргі кезде бұл кемшіліктердің кейбірі жойылғанымен, қалған бірсыпырасының орындалу мерзімі әлі аяқтала қойған жоқ. Есеп комитетінің тексеріс нәтижесімен келіспеген «ҰАТ» АҚ өз тарапынан Нұр-Сұлтан қаласының мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотына арыз түсіріп, 38,2 млн теңгені қайтару фактісіне қарсы наразылық білдірді. Бұл ақшаны ол электронды құжат айналымын енгізу кезінде жасалған жалған акт бойынша төлеп жіберген. Есеп комитеті атқарылмаған жұмысқа ақша төлеу заңсыз деп санайды. Бір қызығы, сот тұтастай аудит қорытындысын қолдағанымен, нақ осы төлемге келгенде «ҰАТ» АҚ жағына шығып, компания оны бюджетке қайтармаса да болады деген шешім шығарған. Бірақ мұнымен дау-дамай біткен жоқ. Есеп комитеті сот шешімі күшіне енгеннен кейін оған қарсы талап-арыз беретінін мәлімдеп үлгерді. Сондай-ақ холдингтің өндірістік емес шығындары да шамадан тыс жоғары. Мәселен, еншілес ұйымның бірі – Astana HUB шығындарының елеулі бөлігі қызметкерлердің жалақысы мен бөлмелерді QazExpoCongress-тен жалға алуға кетеді. Компания 2019 жылы технопарктің директоры Джозефу Кеннету Зиглерге 164,1 млн теңге еңбекақы төленген. (98,6 млн тг – жалақы, 65 млн тг – әлеуметтік пакет). Рас, еңбекақыны шетелдік менеджерге о баста Astana HUB-тың өз қаржысынан төлемек болған, бірақ компанияның табысы төмен болғандықтан бұл ауыртпалық қазынаның қалтасынан түсті. 2019-2021 жылдары IT-хабқа қатысушы 149 компанияның кірісі 119,3 млрд теңгені құрады, ал қалған 425 компания мүлдем табыс таппаған. Бұл ол жобалардың ешкімге керексіздігін, нарыққа бейімделе алмағанын білдіреді. Сондай-ақ Astana HUB IT-технопаркінде стартап жобалар ретінде майнинг компаниялар да тіркеліп кеткен. Тіпті, олардың бесеуі мемлекеттен 8,5 млрд теңге көлемінде жеңілдік алып үлгерген. Сонда майнинг компаниялардың «Зерде» холдингінің дәл иегінің астында әрі оған бағынышты «ҰАТ» АҚ аумағында бұған дейін қалай жұмыс істеп келгені түсініксіз?! Тағы да сол аудит тексерісінің нәтижесіне сүйенсек, цифрлық қауіпсіздікті қамтамасыз ететін «Мемлекеттік техникалық қызмет» АҚ өзіне артылған міндеттеменің жартысына жуығын орындамаған. Компания мұнысын қаржыландырудың жетіспеушілігімен түсіндірген. Әйтсе де, оның активінде бюджеттен артық бөлінген 641 млн теңге және 1,3 млрд теңге өздерінің табысы жатқан. Бірақ, неге екенін белгісіз, бұл қаржы ешқандай қажетке жаратылмай, бос жатқан. Қорыта келгенде, бүгінде тағдыры қыл үстінде тұрған тек «Зерде» АҚ ғана емес, мемлекет қаржысының негізгі операторы, IT саясатының авторы және республикада байланыс пен интернетке жауапты Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігінің де есебіне үңілген дұрыс. Өйткені бүгінде Жаңа Қазақстан құрамыз деп шапқылап жатқан шағымызда ескі әдеттен арылып, елді цифрландыру үшін бөлінген миллиардтаған қаржы қайда кеткенін, Үкімет үміт артқан бағдарлама неге сәтсіз болғанын сұрайтын сәт туып отыр.