Шымкентте жаңа аудан
Шымкентте жаңа аудан
1,443
оқылды
Шымкент қаласында жаңа аудан құ­рылады. Оған «Тұран» деп атау беру туралы ұсыныс республикалық ономастикалық комиссияның қарауына жіберілді. Шымкент қалалық мәслихатының кезектен тыс он сегізінші сессиясында мәслихат хатшысы Бахадыр Нарымбетов Шымкент қаласында бесінші ауданды құру және аудандардың шекараларын белгілеу туралы мәселені талқылаған болатын. Сессия отырысында қаралған мәселе бірлескен тұрақты комиссия отырысында толыққанды зерделенген. Жиында Шымкент қаласында бесінші ауданды құру және аудандардың шекараларын белгілеу туралы шешімі бірауыздан қабылданды. Ал оған атау беру қолданыстағы заңдылықтарға сәйкес алдағы сессияда Республикалық ономастика комиссиясының қарауына ұсынылмақ. Жаңа аудан аумағы 36 мың гектарды құрайды. Халық саны 220 мыңның төңірегінде. Оған 16 елді мекен мен тұрғын алабы кіреді. Даңғылдар мен көшелер саны 533 болса, тұрғын үйлер саны 39 883. Ал әлеуметтік нысандар бойынша 25 мектеп, 18 балабақша, 6 колледж, 6 денсаулық мекемесі, 5 саябақ болмақ. Кеше Шымкент қаласы мәслихатының кезектен тыс он тоғызыншы сессиясында қала бюджетіне өзгерістер енгізу, бесінші ауданға атау беру мәселесі қаралды. Шымкент қаласындағы бесінші ауданға атау беру туралы қала әкімі аппаратының басшысы Г.Мәуленқұлов баяндады. Ол қоғамдық тыңдау өткізіліп, жаңа ауданға «Алаш», «Жібек жолы», «Тұран», «Бадам», «Мәртөбе», «Яссы», «Құрлық» атаулары мен Ш.Қалдаяқов, А.Асқаров, Ж.Тәшенов есімдерін беру бойынша ұсыныс-пікірлер түскенін, көпшілік «Тұран» атауын қолдағанын, одан бөлек жергілікті қоғамдастық өкілдері, ардагерлер, зиялы қауым өкілдері, қоғамдық ұйымдардың ұсынымдары да ескерілгенін атап өтті. Нәтижесінде, сессия отырысында Үкіметтің жанындағы Республикалық ономастика комиссиясының қарауына «Тұран» атауын беру бойынша ұсынысты халық қалаулылары бірауыздан қолдады. Сессияда маңызды тарихи шешім қабылданғанын айтқан қала әкімі бесінші аудан құру уақыт талабы екенін жеткізді. – Қаламызда халық саны жыл сайын артып, демографиялық өсім жоғарылап келеді. Сондықтан қала тұрғындары үшін қолайлы орта қалыптастырып, басқару деңгейін және мемлекеттік қызмет көрсету сапасын арттыруымыз қажет. Қаладағы аудандардың шекараларын бөлу қаланың Бас жоспары негізінде әзірленді. Сонымен қатар 2022 жылға арналған қала бюджет нақтыланды. Қосымша қаржы құрылыс жұмыстарын аяқтауға, қаланың инженерлік-инфрақұрылымын дамытуға бағытталатын болды, – деп сөзін қорытындылады М.Әйтенов.