Премьер-Министрдің орынбасары Ералы Тоғжановтың төрағалығымен «Халықтың табысын арттырудың 2025 жылға дейінгі бағдарламасы» кешенді жоспарын іске асыру жөніндегі жобалық кеңсенің отырысы өтті.
«AMANAT» партиясымен бірлесіп іске асырылып жатқан «Ауыл аманаты» бағытының шеңберінде Жамбыл облысын үлгі ете отырып, «Ауыл халқының табысын арттыру» жобасын жүзеге асыру тәжірибесін барлық өңірде қолдану көзделеді. Жобаның шарттары – халыққа 2,5 пайыздық мөлшерлемесінде несие беру арқылы ауылдық округтегі кәсіпкерлікті кешенді дамыту және оларға қызмет көрсететін сервистік-дайындау кооперативін құру.
Отырыс барысында «AMANAT» партиясының Хатшысы Эльдар Жұмағазиев «Ауыл аманаты» жобасын іске асыру кезеңдері, соның ішінде жобаны жүзеге асыру тетіктерін жеңілдету мақсатында заңнамаға өзгерістер енгізу жөніндегі жұмыстар туралы баяндады. Сонымен қатар ол 2346 ауылдық округтің әкімі жоба бойынша жұмыс істеудің негізгі мақсаттары мен ережелерін меңгеріп, оқуын аяқтағаны туралы хабардар етті.
Өз кезегінде Атырау және Ұлытау облыстарындағы ауылдық округтердің әкімдері Рафиғат Тәжіденова мен Дулат Сүлейменов жобаны тиімді іске асыруға бөгет болып отырған кедергілер туралы айтып берді.
«Тараз» ӘКК Басқарма Төрағасы Дәулет Әбілқайыров «Тараз» ӘКК» АҚ сенім білдірілген өкілдің (агенттің) қызметтерді іске асыру және кооперативтерді құру тәжірибесі жөнінде баяндады.
Кездесу қорытындысы бойынша, Ералы Тоғжанов облыс әкімдіктеріне «Ауыл аманаты» жобасын іске асыруға қажетті инфрақұрылымды қалыптастыру жұмысын бюджет қаражаты бөлінбей тұрып аяқтауды тапсырды.