Бұрын қабілет-қарымың болғанымен, қызығушылық танытқан ісіңмен айналысып қыруар қаражат табу арман еді. Қазір мамандық бойынша екі қолға бір күрек таппағанмен, қалауын тапсаң, қар да жанады. Себебі нарықтың сұранысы креативті контент салып, бейнежазбаға жан бітіре алатын қабілетті және еңбекқор жандардың қызметіне тәуелді. Кәсібін дөңгеленткісі келетіндер де, көпшілікке танымалдығын арттыруды көздейтіндер де мобилограф пен моушн-дизайнерлердің жұмысы үшін ай сайын қомақты ақша ұсынуға даяр. Жансызға жан бітіреді Жансыз дүниеге жан бітіріп, қимыл-қозғалыс беретін сиқырлы кәсіптің иесі – моушн-дизайнер. Ағылшын тілінен аударғанда motion – қозғалыс, design – дизайн. Бүгінде моушн-дизайнерлер графикалық дизайн, web-дизайн, 3D дизайн секілді бірнеше дизайн түрімен жұмыс істейді. Сұраныстың дені визуал мен видео-контентке артып отыр. Өйткені жеке компаниялардың дені әлеуметтік желіні жақсы жүргізе алатын, видеоны жүз құбылтатын дизайнерлерді іздейді. Сол үшін дизайнер де сауатты жұмыс болса, әр кадрына ақша алады. Мысалға, бір кадр 10 доллардан басталады. Ал 3D дизайнның орташа бағасы – 300 мың теңге. Осы салада 10 жылдан бері жұмыс істеп келе жатқан моушн-дизайнер Жарас Сембайұлы негізгі мамандығы – сәулетші. Бірақ өз саласы бойынша көп істемеген. «Басында той саласында біраз жыл жүрдік. Кейін телеарналарда кішігірім сюжет түсіріп, бейнемонтаж жасадық. Видеоға ән мен сән беріп, дизайнерлікке аңсарым ауа бастады. Сөйтіп, білікті мамандардың қасында жүріп бейнежазбаларды өңдеудің біраз тәсілін меңгердім. Қосымша ютубтен дизайнерлік жұмыс туралы бейнекурстарды қарадым. Қазір де саладағы өзгерістерден қалыс қалмау үшін әр сабақты мұқият қарауды әдетіме айналдырғанмын», – дейді ол. Оның айтуынша, қазір моушн-дизайнерлерге қойылатын талап күшті. Бүкіл бизнес саласы өздерінің мүмкіндіктерін көпшілікке әдемі етіп көрсеткісі келеді. Сондықтан тапсырыс берушілердің өнімін креативті етіп монтаждап, дизайнын ерекшелеп өтімді қылудың түрлі тәсілін меңгеру керек болатын көрінеді. – Біздің жұмысымыз – фильм жасау, бейнежарнама, бейнеролик және деректі фильмдерді жасау. «Білетінім – бір тоғыз, білмейтінім – тоқсан тоғыз» демекші, әлі де білмейтінім көп. Әлі де даму үстіндеміз. Сәт сайын жаңа трендке сай дизайн пайда болады. Сондықтан қазіргі заман талабына сай дамып отыру керек, – деген Жарас Сембайұлы бейнежазбаға көрік беру тек моушн-дизайнерлердің ғана жұмысынан тұрмайтынын айтады. Бейнеролик сауатты әрі сапалы шығу үшін мықты оператор мен сценарист, креативті дизайнер қоян-қолтық жұмыс істеу маңызды. Қазіргі кезде моушн-дизайнер «Жаңа Қазақстан» жобасы бойынша бірнеше жұмыс істеп жатыр екен. Бірқатар жұмысын әлеуметтік желідегі парақшаларына бөлісіп, күн сайын бірнеше мың қаралым жинайды. Мәселен, жақында ғана 25 минуттық «Карлаг» деректі фильмін жарыққа шығарған. «Сондай-ақ қазіргі заманның талабына сай «Тірідей Тараз» анимациялық ролигін шығардық. Бұл жерде ескерткіштер мен нысандарды видеода қимылдатып, тірілтіп жан бердік. Оның өзіндік ерекшеліктері бар. Бұдан бөлек, отбасылық зорлық-зомбылыққа жол жоқтығын көрсететін «Көлеңке» деген жобамыздың бір санын шығардық», – дейді Жарас Сембайұлы. Кәсіби фотоаппараттың көмегінсіз-ақ, сандық камерасы бар электронды құрылғыларды қолдану арқылы сапалы бейне дайындайтын мобилографтарға да сұраныс артып отыр. Қалта телефонмен сапалы видео түсіріп, оны монтаждаудың қыр-сырын меңгергендер де молынан ақша табудың маманына айналды. Өйткені қазір көптеген клипмэйкер, әнші мен әртіс, ол түгілі кәсіпкерлердің өзі бұл саланың мамандарына тәуелді. Мысалға, әлемге әйгілі Bentley компаниясы сонау 2015 жылдан бастап өздерінің имидждік роликтерін iPhone 5s және iPhone 6s телефондарына түсіріп бастаған. Бүгінде YouTube, Instagram, Tik Tok сияқты әлеуметтік желілердегі контенттердің 80-90 пайызы телефон арқылы қаралады. Бұл тұрғыда видеоның смартфонмен түсіріліп, монтаждалуы көрерменнің қабылдауына қолайлы. Оның үстіне, телефонмен түсірілген видеолар кәсіби камерамен жасалған жұмыстарға қарағанда арзан әрі танымал. Кәсіби камерадан қарағанда қалта телефонымен видео түсіріп, қыруар қаржыны үнемдей отырып мол қаламақы алуда таптырмас мүмкіндік. Сонымен бірге смартфон үнемі қалтаңызда болатындықтан, онымен видео түсіру де қолжетімді әрі жылдам. Сол үшін бүгінде кәсіби видеографтардың өздері де табыс көзі көбірек екеніне көз жеткізген соң мобилографияға қарай ауыса бастады. Ал алдағы бірер жылда мобилографияға деген сұраныс тіптен арта түсуі мүмкін. Өйткені әлемге әйгілі алпауыт компаниялар телефон өндірісінде оның камерасына 80 пайызға дейін басымдық беріп, монтаж жасауға арналған процессорлық және оперативтік күшіне де зор көңіл бөліп жатыр.
Мобилография – мамандық емес, хобби
Осылай деген мобилограф Ақнұр Сағатова «телефонды ермек етіп, күнделікті өзі үшін видео түсіріп бастаса, мобилограф боп саналады. Мобилография аты айтып тұрғандай, тек қана телефонға түсірілетін видео және бейнесуреттер» деп отыр. Яғни, қолынан осы іс келсе болды. «Қазір адамдардың санасы клипке құрылған. Олардың ұзақ мәтін оқып отыруға да шыдамы жетпей жатады. Сол себепті қысқа видеороликтер уақытты да үнемдеп, көп ақпаратты қысқартып беруге болатын дүние. Қажеттілік ретінде адамдардың сапалы контент күтуін айтар едім. Танымалдықтан гөрі заманның талабы деуге болады», – дейді Ақнұр Сағатқызы. Тек еңбек етсең болды. Дегенмен әр еңбектің бейнеті бар. Мобилографтар бір шедевр видео жасау үшін көбіне 2 -5 сағат, тіпті кейде апталап уақытын сарп етуі мүмкін. Сол кезде сабырлық танытып, істеген ісіңді соңына дейін жеткізген жөн. – Күніне тек 1-2 видео түсіруге болады. Видео түсіретін де арнайы уақыт болады. Кешке видео түсіру қиындық туғызады, ал күндіз тым жарық. Көбіне кәсібін енді бастап, көрілім (охватты) көтеретін адамдарға видео түсіріп берем. Жұмыстың қиындығы, әрине баршылық. Бұл саланы толықтай білмеген адамдар видео түсіру мен монтаждау оңай деп ойлайды. Ал шынына келгенде бұл да үлкен шығармашылық жұмыс. Тапсырыс берушімен тіл табысу, оның ойындағыдай етіп ролик жасау – қиынның қиыны. Кейбір кезде адамдар мобилографтарға ақша бергенше, өзіміз түсіріп аламыз деп ойлайды. Бірақ кәсіби түрде айналысқан адамның мәнері мен үйренуші адамның видеоларында жер мен көктей айырмашылық бар, – дейді мобилограф Ақнұр Сағатқызы. Қарап отырсаң, күнделікті өміріміздің қалыпты элементіне айналған әлеуметтік желі заманның талабына сай жаңа кәсіп иелерінің шығуына түрткі болып отыр. «Еңбегі жанғанның қозысы егіз туады» деген осы.