Қымбатшылық қарсаңда, сүт өндіруші сарсаңда
Қымбатшылық қарсаңда, сүт өндіруші сарсаңда
831
оқылды
Қымбатшылық қарқыны тіптен үдеп барады. Соңғы бір жыл ішінде елімізде сүт бағасы 21 пайызға өскен. «Қайбір зат қымбаттамай жатыр еді» деп елемеуге болатын. Бірақ сүт өнімдерінің қымбаттағаны бір төбе, қант секілді қат бола ма деген қорқыныш бар. Өйткені отандық өндіріс тұралаған. Себебі не, зардабы қандай болуы мүмкін?

Дағдарыстың дауылы құлатқандар

Тапшылық жайлы бекер сөз қозғамадық. Өйткені елде сүт өндірісі аяқасты тұралап жатыр. Мәселен, биыл қаңтар-мамыр аралығында сұйық сүт пен кілегей өндірісі былтырғымен салыстырғанда 7 пайызға төмендеп, 235,3 мың тонна болған. Соңғы алты жылда өндіріс бірінші рет осылай құлдырады. Негізі сүт пен кілегейге деген ішкі сұраныстың 95,9 пайызын өзіміздің отандық зауыттар қамтамасыз ететін. Шетелден әкелінетін сүт пен кілегей үлесі бар болғаны 3,7 пайыз еді. Отандық өндіріс тоқырады дегенше болған жоқ, импорт үлесі лезде 4,1 пайызға өсті. Баға­ның жайы онсыз да белгілі. Ма­у­сым­ның қорытындысы бо­йын­ша сүт бағасы бірден 2,4 пайызға, ал жыл басынан бері 17,2 пайызға қым­баттаған. Ал былтыр­ғымен са­лыстыр­ғанда, 21,5 пайызға өсіпті. Қазақ­станда қант тапшы болғалы оның бағасы қалай өскенін ел жақсы біледі. Егер отан­дық өндірісті дағдарыстан алып шыға ал­масақ, сүт құны да сол сценариймен өр­шуі мүмкін. Өткен аптада елде сүт өң­деп, оны қаптаумен, сүттен түр­лі өнімдер жасаумен айналысатын кә­сіпорындар тығырыққа тірелгенін хабар­лады. Соның бірі – «Сол­нечный» сүт за­уыты. Қазір зауыт басшы­лығы қиындық­тан шығарға жол іздеп, би­лік өкілдерінен көмек қажет екенін ай­тып, жиі бұқаралық ақпарат құралдарына шығып жүр. Мұндай қиын жағдайға тап болған осы зауыт қана емес, басқалары да бар. «Зауытымыз қызметін уақытша тоқ­татты. Өйткені қарызға баттық. Банктер есепшоттарымызды бұғаттап, қарызды өндіру амалдарына кірісті. Біз әлденеше рет банкке жүгініп, борышты қайта құрылымдауды сұрадық. Осының арқа­сында кәсіпорынды дағдарысты жағ­дай­дан алып шығып, қайтадан даму жолына түсіруге болатын. Алайда, банктер жағ­дайды түсінгісі келмейді. Компанияның өндірісті толыққанды жандандыру, сүт өнімдерінің экспортын дамыту жоспары бар еді. Өнімдеріміз көрші Ресейде кең сұранысқа ие болатын», – деген «Солнеч­ный» сүт зауытының басшысы Л.Магай. Кәсіпорындардың хәлі шынымен на­шар. Мысалы, жаңағы айтқан компа­ния бірнеше банктердегі қарызын қайта құры­лымдауға зәру. Ол іске аспайтын болса, зауыттың 933 жұмысшысы «екі қолға бір күрек таппай» қалады. Тіпті, соңғы де­ректерде қызметкерлер жұмысқа шығудан бас тартып, шенділерге шағым айтып, наразылық бастапты. Салықты төлеуде де қиындық туындаған. Зауыт төлейтін са­лық көлемі 2018 жылғы 223,3 млн теңгеден 2021 жылы 335,1 миллионға дейін артқан. Егер қалыпты жұмыс істе­генде, 2022 жы­лы бюджетке 480 миллион теңге салық аудармақ болған. Дегенмен кәсіпорынның хәлі одан әрі қиындай түсті. Қарыздың бір бөлігін өтеуге бағыт­талған 800 миллион теңге де жұғым бол­маған. Осыған дейін ірі бизнес саналған кәсіпорындар осы­лайша тығырыққа тірелуде. Олардың бұлай кері кетуіне себеп те жоқ емес. 2020 жылы басталған пандемия, карантин салдары, соңғы қаңтар оқиғасы да бір­шама зиянын тигізді. Украина мен Ресей ара­сындағы соғыстан кейін батыстық сан­сыз санкция да әсер еткені даусыз. Са­рапшылар өн­діріске қатысты келеңсіз құ­былыстардың көбейерін көктемнің ба­сын­да-ақ бол­жаған. Сонда да көп кәсіп­орындар соқ­қыға дайын болмай шықты.

Қаржы түгілі қаптама да қат

Отындық өндіріс деген аты болға­нымен, онда да шетелден алдыртатын өндіріске қажетті қосымша заттар өте көп. Мысалы, қарапайым сүт өнімдерінің қорабын да көрші Ресейден алдыртып отырғандар аз емес. Міне, мәселенің түп­кі мәні қайда жатқанын аңғару қиын емес. Айтпақшы, сүт өндірушілердің ба­зынасынан кейін көп ұзамай Алматы қаласының кәсіпкерлік және инвес­тициялар басқармасы «Агроөнеркәсіптік кешенін дамыту жөніндегі 2021-2025 жыл­дарға арналған ұлттық жоба» аясында биыл бірінші тоқсанда «Солнечный» сүт зауытына 1,4 млн теңге көлемінде мем­лекеттік қолдау көрсетілгенін хабарлады. Бірақ 800 млн теңгемен түйткілі тарқа­маған зауытқа бұл сома не болады? Ал Ауыл шаруашылығы министрлігі агро­өнер­кәсіптік кешенді субсидиялау жү­йесіне түзетулер әзірлеп шыққан. Бүгінде ведомство ұсыныстарын құжатты бизнес талқысына салып жатыр. Сүт одағы жаңа сүт зауыттарын субсидиялауға қарсы шығып отыр. Бір жағынан ол субсидиялау нормативтерін қайта қарап, қаржыны арттыруды сұрайды. Екінші жағынан қауымдастық жаңа өңдеуші зауыттарды қолдауды орынсыз санайды, себебі қолданыстағы кәсіпорындардың үлкен бөлігі жартылай ғана жүктеліпті. Одақ­тың дерегінше, Қазақстанда сүт өңдейтін 130-дан астам кәсіпорын тіркелген. Бірақ қазіргі кезде кейбірі мүлдем жұ­мыс істе­мейді. Қалғанының айтарлықтай бөлігі 50 пайызға да жүктелмеген. Рес­публикада сүт өңдеуде басы артық қуат­тылық бар. Сүт өңдеушілер бағдарла­мадағы бұл бағытты қаржыландыруды қысқартып, босаған қаражатты құрал-жабдық сатып алуға арналған субси­дияны арттыруға бағдарлау керек деп есептейді. Ол қым­баттады. Жабдықты субсидиялау сома­сын валюта бағамын және инфляцияны ескере отырып, 50 пайызға ұлғайтқан жөн екенін айтады мамандар. Ауыл шаруашылығы министрлігі сүтті субсидиялау тетігін республикалық деңгейден өңірлерге беруді ұсынып отыр. Меморган жобасында механикалық сиыр сауу құрылғысы бар барлық өң­деу­шілерге 1 литр сүт үшін 20 теңгеден, ал кем дегенде 600 бас сиыры бар сүт кеше­ніне ие өңдеушілерге 1 литрі үшін 45 тең­геден қайтарымсыз субсидия беру ұсынылған. Ведомство қосымша 100 миллиард теңге бөліп, оның 30 пайызын инвести­циялық субсидиялауға, қалған 70 пайы­зын Аграрлық несие корпорациясының жарғылық капиталын толықтыруға жұм­сауды жоспарлады. Бұл қаражат сүт тап­сыратын фермерлерге жаңа бағдарлама аясында 15 жылға, жылдық 3 пайыздық сыйақы ставкасымен арзан кредит ретінде таратылады деп ойластырылған. Үкіметтің ұсыныстары және жаңа қағида жобасы өндірушілердің сын-ескертпелері негізінде пысықталмақ. Дегенмен қаржы сарапшысы Бауыржан Ысқақов қаншама іс-шараларға қарамастан оң өзгерістің болуы қиын екенін айтады. «Импортқа тәуелді ел ретінде қиын­дыққа кез боларымыз анық еді. То­лығымен отандық өндірісті қолға алма­йынша, бұл мәселе алдымыздан шыға береді», – деді ол. Қорыта айтар болсақ, отандық сүт өндірісіне қатысты жағдайдың әрі қарай қалай болары беймәлім. Санкцияның сарсаңы өндірістегі шикілікті ашып көрсеткендей. Енді осыған дейін азық-түлік мәселесінде импортқа сенген ше­неу­ніктер мен отандық өндіріс атауын алып, бірақ шетелдік тауарларға тәуелді болған кәсіпорын басшылары қандай қадамға барарын бақылаймыз.