Қарағандыдағы көпқабатты үйлердің ауласында екі жігіттің мәйіті табылды. Көп ұзамастан полицейлер оларды өлтірген ер адамды ұстады. 26 шілде түнгі сағат 1:30 шамасында Қарағанды қаласындағы көп қабатты үйлердің бірінің ауласында екі адамның мәйіті табылды. Оқиға орнына бірден жедел-тергеу тобы жіберілді. Полиция қызметкерлерімен бірден оқиға болған жерді зерттеп, күдіктіні анықтау бойынша кешенді іс-шаралар жүргізілді.
«Жедел әрекеттер барысында Қарағанды қалалық Полиция басқармасы патрульдік полиция полкінің қызметкерлері 23 жастағы күдікті анықтап, ұстады. Ол жәбірленушілермен сөзге келіспей қалып, ақырында пышақ жарақатын салғаны туралы мойындады. Қылмыс құралы тәркіленді. Аталған факті бойынша Қазақстан Республикасы Қылмыстық Кодексінің 99-бабы 2-тармағына сәйкес қылмыстық іс қозғалды. Полиция қызметкерлері жәбірленушілердің жеке басын анықтады. Олар 18 және 20 жастағы азаматтар. Қазіргі уақытта тергеу амалдары жүргізілуде», – деп хабарлады Қарағанды облыстық Полиция департаменті бастығының орынбасары Әбіл Әбілдин.