Атырауда шенеунік әйелін өлтіріп, өзіне-өзі қол салған
Атырауда шенеунік әйелін өлтіріп, өзіне-өзі қол салған
Фото: КТК сюжетінен скриншот
3,416
оқылды
Атырауда 4 бала жетім қалды. Отбасындағы кикілжіңнен соң 26 жастағы жігіт әйелін буындырып өлтіріп, кейін өзіне қол салған деген болжам бар, – деп хабарлайды КТК арнасы. Төрт баласы бар жас отбасы жалдамалы пәтерге бір ай бұрын көшіп келген екен. Полицияға марқұм келіншектің анасы хабарласып, қызы мен күйеу баласы пәтердің есігін ашпай жатқанын хабарлаған. Тәртіп сақшылары сыртқы есікті бұзып кіргенде жуынатын бөлмеден ерлі-зайыптының өлі денесі табылған. Көршілердің айтуынша, бұл отбасы осы үйге бір ай бұрын ғана көшіп келіпті. Сондықтан ерсі қылық, айқай-шу естімеген. Ал құзырлы органдар басқа мәлімет айтты. Ерлі-зайыптылар біраздан бері араздасып жүрген. Сөйтіп, 26 жастағы азамат әйелін буындырып өлтіріп, кейін өзі жуынатын бөлмедегі құбырға асылып қалыпты. Марқұмдардың төрт баласы жетім қалды. Қазір қайғылы оқиғаға қатысты өзін-өзі өлтіру және адам өлтіру баптары бойынша іс қозғалып, тергеу жүргізіліп жатыр.
Атырау облысы ПД-нің ресми өкілі Мейірім Ердәулет: «25 шілдеде тіркелген фактіге қатысты қазіргі таңда ҚК 105-бабы және 99-бап бойынша тергеу жүргізілуде. Алдын ала анықталған ақпарат бойынша, ерлі-зайыптылар ажырасу процесінде болған. Орталарында төрт бала қалды. Өзге ақпаратты процессуалдық кодекстің 201-бабына сәйкес жариялауға болмайды», – деді.
Өз отбасын ойрандаған ер адам Құрманғазы аудандық әкімдігінде жұмыс істеген.