Бірінші сыныпқа баратын балалардың құжатын қабылдау 1 тамызда аяқталады. Бұл туралы Мектепке дейінгі және орта білім комитеті орта білімнің мазмұны және әдіснамасы басқармасының басшысы Нәзира Әбдірахманова айтты, – деп жазады inform.kz.
«Бірінші сыныпқа қабылдауға 400 мыңнан астам өтініш түсті. Биыл мектепке баратын балалардың 70 пайызы қазақ тілінде білім алуды таңдады. Құжаттарды қабылдау мерзімі 1 тамызда аяқталады», – деді ол.
Құжаттар қағаз жүзінде де, eGov порталы арқылы қабылданады.
Бірінші сыныпқа баратын бала үшін талап етілетін қажетті құжаттар:
– ата-ананың өтініші;
– туу туралы куәліктің көшірмесі;
– № 063/у және 026/у форматындағы денсаулық анықтамасы;
– 2 дана 3х4 өлшеміндегі фотосурет.
Егер ата-ана өтінішті eGov порталы арқылы берсе, құжаттардың жалпы жүктемесі 5 мегабайттан аспауы тиіс.