Алматы әуежайында төбелес шығарғандар жазаланды

алматы

Алматы халықаралық әуежайы аумағында төбелес шығарған бұзақыларды қамауға алу санкцияланды.

«26 шілдеге қараған түні әуе айлағының автотұрағында үш мас ер адам төбелескен болатын. Бұл туралы полицияға көшеде өтіп бара жатқандар хабарлады. Төбелесіп жатқандар полиция қызметкерлерінің талаптарына агрессиямен жауап берді. Олардың бірі – бұрын сотталған 28 жастағы У. есімді азамат сыраның шыны бөтелкесін сындырып, полицейге қарай жүгірді, оны соққыға жыққысы келді. Ауыр қылмысты тоқтатқан тәртіп сақшысы қызметтік қаруынан аспанға ескерту оғын атқан болатын», - деді Алматы қалалық Полиция департаменті бастығының орынбасары Рүстем Әбдірахманов.

Полицияның мәліметінше, төбелеске қатысушылар ұсталды. Олар – Алматы және Түркістан облыстарының тұрғындары. Екеуі – бұрын адам тонағаны және ұрлық жасағаны үшін істі болған.

«Құқық бұзушылар әрекеті ҚР ҚК-нің 293-бабы 2-бөлігі «бұзақылықпен» сараланды. Сотқа дейінгі тергеу органы соттан күдіктілерге қатысты қамауға алу бұлтартпау шарасын таңдауды сұрады. Оны Түрксіб ауданының прокуроры да қолдады. Тергеу соты қылмыстың үш қатысушысын қамауға алуға санкция берді», - деді Рүстем Әбдірахманов.

Aikyn.kz | Бүгінгі жаңалықтар. Әлем және Қазақстан жаңалықтары.