Ақтаудағы 3502 әскери бөлімінің аға сержанты өз үйінде асылып қалды. Бұл туралы Ұлттық ұлан «Орталық» өңірлік қолбасшылығының баспасөз қызметі хабарлады.
«30 шілде күні сағат 05:15-те әскери бөлімге келісімшарт бойынша әскери қызметші, аға сержант А.С.Мерғалиевтің өзіне қол жұмсағаны туралы ақпарат түскен. Мән-жайды нақтылау кезінде әйелінің түнгі сағат 03:30 шамасында күйеуін үйінің дәретханасында асылып тұрған күйінде тауып алғаны белгілі болды», – деп хабарлады «Орталық» өңірлік қолбасшылығының баспасөз қызметі.
Ведомство ақпаратына сәйкес, арнайы комендатураның қарауыл бастығы Абылай Серікұлы Мерғалиев 1990 жылы туған. Үйленген, бір қызы бар. Ұлттық ұлан қатарында 2015 жылдан бері қызмет еткен.
Қазір аталған оқиғаның мән-жайы анықталып жатыр. Қылмыстық-процессуалдық кодекстің 201-бабына сәйкес, сотқа дейінгі тергеп-тексеру деректерін жария етуге тыйым салынған.