Алматыда полицейлер жедел жәрдем көлігін қуып жүріп тоқтатты – видео
Алматыда полицейлер жедел жәрдем көлігін қуып жүріп тоқтатты – видео
Фото: twitter.com
Алматы облысында бір түнде үш көлік ұрлаған ер адам ұсталды. Осыған дейін әлеуметтік желіде полицейлер жедел жәрдем көлігін қуып жүргені туралы видео тараған еді. Полицияның мәліметінше, кеше сағат 21.45-те Құлжа тасжолы бойындағы үйдің ауласынан BMW көлігі ұрланғаны туралы шағым түскен. Ұры көшеде басқа көлікпен соқтығысып, апат болған жерден қашып кеткен. Есік қаласына жете бергенде қарсы жолаққа шығып, Toyota көлігімен соқтығысқан. Ол жерден де ізін суытқан. Бірер сағаттан соң күдікті Nissan көлігін ұрлап, тасжолда аударылып қалған. Куәгерлер жедел жәрдем шақырған. Жараланған күдікті жедел жәрдем көлігімен қаша жөнелген. Ұры облыстық жедел жәрдем бекетіне тиесілі Jac Sunray көлігімен Алматы қаласына жеткенде, оны патрульдік полиция экипажы ұстап алды. Күдікті – 1994 жылы туған ер адам. Тексеру барысында ұрының есірткі тұтынғаны анықталды. Қамауға алынды. Ескерту: Видеода бейәдеп сөздер бар!   https://youtu.be/zwimtXuHBS4 Оқиғаның мән-жайы туралы Медеу аудандық ПІБ жанындағы полиция бөлімінде, сондай-ақ, Еңбекшіқазақ АІІБ-да үш қылмыстық іс тіркелді. Мән-жайын полиция анықтайды.