Лифт шаруашылығы шатқаяқтап тұр
Лифт шаруашылығы шатқаяқтап тұр
Коллаж: Әсел Балтақызы
404
оқылды
Қазақстанда лифт шаруашылығын реттеу мақсатында ұлттық стандарт әзірленіп, арнайы Жол картасы қабылданса да, лифтілердің жағдайы мен оларға техникалық қызмет көрсететін компаниялар сапасы сын көтермейді. Сондай-ақ жергілікті атқарушы органдар да оның жұмысын бақылауды босаңсытып алды.   ОЙЛАСТЫРЫЛМАҒАН ҚАДАМ ОРҒА ЖЫҒАДЫ Қандай мақсатты көздегені белгісіз, Үкімет осыдан 10 жыл бұрын лифтіге қызмет көрсету жұмыстарын лицензиялауды алып тастады. Ол көп ұзамай сала шаруашылығының шатқаяқтап кетуіне әкеліп ұрындырды. Әсіресе, қауіпсіздік мәселесі тасада қалды. Құзырлы органдар тарапынан бақылау босаңсыған соң жеңіл жолмен ақша табуды ойлаған небір жосықсыз компаниялар жауыннан кейінгі саңырауқұлақтай қаулап шыға келді. Соның салдарынан соңғы бес жылда еліміздегі көп қабатты тұрғын үйлердегі лифтілерде апаттық жағдайлар көбейіп, азаматтарымыздың жарақат алуы, қайғылы қазаға ұшырау оқиғалары жиілей бастады. Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі мен Қазақстан лифтшілері ұлттық қауымдастығының мәліметтеріне сүйенсек, 2018-2022 жылдар аралығында елімізде лифт ақауынан 13 төтенше жағдай тіркеліп, оның 8-і кісі өлімімен аяқталған.
«Елімізде көпқабатты тұрғын үйлерде шамамен 30 мыңнан астам лифт бар болса, соның 4 мыңнан астамы жөндеуді немесе ауыстыруды қажет етеді. Әсіресе, Павлодар, Қарағанды, Шығыс Қазақстан, Батыс Қазақстан, Ақтөбе облыстарындағы тұрғын үйлердің лифтілері әбден тозған. Бұған кеңес заманынан қалған 4 300-ден аса лифтіні және қосыңыз. Сондықтан бұл мәселе жұртшылықты қатты толғандырады», – дейді Парламент Сенатының депутаты Рысқали Әбдікеров.
Одан бөлек, лифт саласында отандық өнімдерді қолдау мәселесі де ескерілмей келе жатқанын атап өту керек. Республикада лифт жабдықтарын шығаратын үш кәсіпорын жұмыс істейді. Оның бірі Алматы қаласында («Алматылифт» ЖШС), екіншісі Ақмола облысында болса (AUXE Ақмола лифт жасау зауыты), үшіншісі Алматы облысында орналасқан (LGS KAZAKHSTAN ELEVATOR CROUP ЖШС). Отандық өндірушілер лифтіге деген сұраныстың тек 21,4 пайызын ғана қанағаттандыра алады. Қалғаны шеттен тасымалданады. Дегенмен оларды да «отандық» деп айтуға келмейді. Өйткені лифтінің электроникасы, моторы, кабинасы, басқа да қажетті керек-жарақтары Қытайдан әкелінеді, бізде тек ұсақ-түйек бөлшектері ғана жасалады.
«Осыдан екі-үш жыл бұрын Алматы қаласындағы лифт шығаратын зауытта болып, ондағы өндірістік процестермен етене таныстым. Жасыратын несі бар, отандық лифтілердің тек кейбір бөлшектері ғана біздікі, ал негізгі бөлігі мен қаңқасы қытайдыкі. Оның үстіне, мұнда жасалатын өнімнің де сапасы төмен екенін айта кету керек. Сондай-ақ лифт жасаушы мамандардың кәсіби біліктілігі де жеткілікті деңгей де емес», – дейді Lift Capital ЖШС учаске бастығы Алмас Болатбеков.
Кәсіби шебер ол лифтілерді көпқабатты үйлерге орнату үшін жұмыс басында оларды өздерінің қайтадан құрастырып шығуына тура келетінін айтып қынжылды. Әйтсе де, отандық өнімдердің сапасы бұрынғыдай емес, жылдан-жылға жетіліп келе жатыр деп үміттендіріп қойды. Сөйте тұра, лифтшілерге көп жағдайда шетелдік белгілі фирмалардың өнімдерімен жұмыс істегенді дұрыс көреді. Дегенмен оның да өз машақаты бар. Әсіресе, пандемия кезінде халықаралық экспорт-импорт тасымалы тоқтап қалып, ел ішінде лифт тапшылығы қатты сезілген. Сондай-ақ олардың қосалқы бөлшектеріне де көп жағдайда қол жете бермейді.
«Біз көпқабатты тұрғын үйлердің біріне немістің Schindler компаниясының лифтілерін орнатқанбыз. Уақыт өте келе оларды техникалық жөндеу керек болғанда қосалқы бөлшектері табылмай, әуреге салды. Фирманың өзіне хабарласқанымызда олар аталған марканың 10 жыл бұрын шығарылғанын, оның қазір ескіргенін, енді басқа модельдері жасалатынын айтты. Қысқасы, неміс мамандары бізге қажетті қосалқы блшектерді тауып бере алмады. Сондықтан біз жеделдете олардың электроникасынан бастап, бүкіл «ішкі құрылысын» қытайдың жабдықтарына ауыстыруға мәжбүр болдық», – дейді Алмас Болатбеков.
  ОТАНДЫҚ ӨНДІРІСТІҢ ДАМУЫНА КЕДЕРГІ КӨП Ресми дерек бойынша, Қазақстанға жыл сайын 5 мыңнан астам лифт сырттан тасымалданады екен. Жоғарыда айтылған жайттар республикада лифт шаруашылығының қаншалықты ақсап тұрғанын көрсетеді. Сондай-ақ сенатор Рысқали Әбдікеровтің айтуынша, жергілікті әкімдіктер тарапынан лифт шаруашылығын дамытуға тиісінше қолдау көрсетілмей отыр.
«Мемлекет басшысы 2020 жылы Қазақстан халқына арнаған Жолдауында: «Кәсіпкерлікке қолдау көрсеткенде орта бизнеске де ерекше назар аудару керек» деп атап өткен болатын. Сондықтан алдымен отандық өндірісті дамытуға басымдық бере отырып, соның ішінде лифтілерді монтаждау және оған қызмет көрсету жұмыстарының тиімділігіне қол жеткізу қажет», – дейді депутат.
Оның айтуынша, бүгінде қабылданып жатқан шаралар лифт шаруашылығын жаңғыртарлықтай нәтиже беріп отырған жоқ. Сол себепті Премьер-Министр Әлихан Смайыловқа депутаттық сауал жолдап, көтеріліп отырған мәселенің әлеуметтік маңыздылығын ескертті. Сенатор ол үшін отандық лифт шаруашылығын қолдау және дамыту мақсатында арнайы шаралар әзірлеу қажетін айтады. Сон дай-ақ республика бойынша апаттық лифтілерді жедел ауыстыру үшін Үкімет тарапынан несие беру тетіктерін қарастыру қажет.
«Лифт саласында бекітілген ұлттық стандарт талаптарының сақталуын қатаңдатып, жергілікті атқарушы органдарға әкімшілік айыппұл санкцияларын қабылдау бойынша арнайы құзырет беру және тиісті бақылауды күшейту қажет. Сондай-ақ елімізге сапасы күмәнді лифтілерді әкелуге тыйым салынуы тиіс», – деп санайды Парламент Сенатының депутаты Рысқали Әбдікеров.
Рас, бұл бағытта ешқандай жұмыс жасалып жатқан жоқ деп тағы айта алмайсың. Кәсіпкерлікті дамыту жөніндегі 2021-2025 жылдарға арналған ұлттық жоба шеңберінде экономиканың басым секторларында қызмет ететін кәсіпорындарды, оның ішінде лифт өндірушілерді қолдау шаралары көзделген. Айталық, жеңілдетілген кредит беру және пайыздық мөлшерлемені 6 пайызға дейін субсидиялау қарастырылған. Кепілді қамтамасыз ету жеткіліксіз болған жағдайда кредит бойынша ішінара кепілдік беру құралы іске асырылады, онда ісін жаңа бастаған кәсіпкерлерге 85 пайызға дейін, бұрыннан жұмыс істеп жүрген кәсіпкерлерге 50 пайызға дейін кепілдік беріледі. Кепілдік сомасы тиісінше 360 млн теңгеден және 1 млрд теңгеден аспауы тиіс.
«Апаттық лифтілерді жедел ауыстыру мәселесіне келсек, 2011-2019 жылдар аралығында тұрғын үй қорын жаңғырту мақсатында 2 839 көппәтерлі тұрғын үйді күрделі жөндеуден өткізу үшін республикалық бюджеттен 33,9 млрд теңге бөлінді, оның ішінде 2 054 лифт ауыстырылды. Сонымен қатар Мемлекет басшысының 2019 жылғы 2 қыркүйектегі Жолдауына сәйкес, өңірлерге 2020-2021 жылдары республикалық бюджеттен қосымша 18,6 млрд теңге кредит бөлінді. Сол арқылы 520 көпқабатты үй жөнделіп, тозығы жеткен 1 232 лифт ауыстырылды», – деді Үкімет басшысы Әлихан Смайылов.
Биыл 226 көпқабатты тұрғын үйді жөндеуге 11,2 млрд теңге бөлінді. Жаңа ғимараттарда мүмкіндігі шектеулі адамдарға арналған лифтілер, эскалаторлар, траволаторлар және көтергіштер орнату туралы ұлттық стандарт бекітілді. Онда мүмкіндігі шектеулі адамдарға арналған жабдықтар мен құралдарды жеткізіп беруге, монтаждауға және пайдалануға қажетті талаптар көзделген. Сондай-ақ «Тұрғын үй қатынастары туралы» және «Қазақстан Республикасындағы жергілікті мемлекеттік басқару және өзін-өзі басқару туралы» заңдарға сәйкес, лифтілерді қауіпсіз пайдалану талаптарының және ұлттық стандарттардың сақталуын бақылау бойынша жергілікті атқарушы органдардың құзыреті бекітілген. Бұдан басқа, «Әкімшілік құқықбұзушылық туралы» кодекске сәйкес, өнеркәсіптік қауіпсіздік нормаларын, оның ішінде лифтілерді пайдалану кезіндегі қауіпсіздік нормаларын бұзғандарға әкімшілік жаза қарастырылған. Аталған шаралар елімізде кенжелеп қалып жатқан саланың дамуына аз да болса септігін тигізер деген үміттеміз.