2020 жылдан бастап атаулы әлеуметтік көмекті тағайындаудың тәртіптеріне бірқатар өзгеріс енгізілді. Басты мақсат – жұмыспен қамту арқылы отбасының кірісін арттыруға бағытталған ақшалай көмекті көрсетіп қана қоймай, әлеуметтік бейімделу, отбасының кәсібін және басқа да жұмыс түрлерін ұйымдастыруға күш салмақ. Мемлекет басшысы «Еңбек етуге ынталандырудың жаңа тәсілдеріне баса мән беріліп, атаулы әлеуметтік көмекті асыра пайдалану барынша азаяды» деген болатын. Бұл тарапта биылдан бастап жаңа жәрдемақы 340 мыңнан астам отбасыға тағайындалатындығы туралы бұдан бұрын да хабарланған. Ал атаулы әлеуметтік көмек көрсету және тұрақты жұмысқа орналастыру бойынша атқарылып жатқан жұмыс бүгінде өз нәтижесін көрсете бастады. Анық-қанығына көз жеткізу үшін АӘК-ке құжат тапсырған бірнеше отбасымен сөйлесіп, әңгімеге тартып көрдік.
Нұр-Сұлтан қаласының тұрғыны, 8 баланың анасы Жанар Кауменованың тек мемлекеттен алатын көмегінің өзі 200 мың теңгеден асады екен. «Жаңа жылдан кейін 74 388 теңге жәрдемақы түсті. Әлеуметтік көмекті 2017 жылдан бастап алып келемін. 2017 жылы 92 мың теңге, былтыр 220 мың теңге алдым. Биыл 40 мың теңгеден астам атаулы әлеуметтік көмек тағайындалатынын есептеп берді. Мұның сыртында 1 жасқа толмаған балама 22 мың теңге, «Алтын алқа» иегері ретінде 16 500 теңге аламын. Сондай-ақ атаулы әлеуметтік көмек тағайындалғаннан кейін балаларыма кепілдендірілген әлеуметтік топтама берілмек. Төрт балам мектепте оқиды. Жолдасым жүк тиеуші болып, ай сайын 45 мың теңге табады» деген көпбалалы ана көмектің көлемі қысқармағанын, қалай да сол 200 мың теңгеден асып тұрғанын айтады. Ал елордалық тағы бір тұрғын Зәуреш Курункиева – жалғыз- басты ана, кәмелетке толмаған 3 баласын бағып-қағып отыр. Көптен бері жұмыссыз жүрген Зәуреш Нұр-Сұлтан қаласы әкімдігінің халықты жұмыспен қамту орталығының ұйымдастыруымен «Жанұя» отбасы институтын қолдау орталығына 2020 жылдың 14 қаңтарында жүгініп, атаулы әлеуметтік көмектің жаңа тәсілдері бойынша кеңес алған. Бұдан соң 15 қаңтарда «Балбөбек 2009» балабақшасына тәрбиешінің көмекшісі ретінде тұрақты жұмысқа орналасқан. Әлеуметтік көмек кейбіреулер айтып жүргендей күрделі жұмыс емес екенін айтқан Зәуреш көрсетілген мемлекеттік көмек үшін дән риза екенін жеткізді.
Жаңа жылдан бастап көпбалалы отбасылардың табысына қарамастан 4 балаға – 42 496 теңге, 5 балаға – 53 127 теңге, 6 балаға – 63 757 теңге, 7 және одан да көп балаға 74 388 теңге ай сайын тұрақты мемлекеттік жәрдемақы беріле бастады. Алдағы уақытта бұл қаражат та табыс ретінде есептелетін болады. Дәл осындай жаңартылған жәрдемақы тәртібінде көмек алып отырған «Алтын алқа» иегері Әлия Ақбалаева 7 баланың анасы. Үлкені елдегі медициналық университеттің 1-курс студенті болса, кішісі аяғын енді басқан. Жуырда оған Нұр-Сұлтан қалалық әкімдігі атынан бір бөлмелі үй сыйға берілді.
– Бір жиналысқа балама балабақша сұрап барған едім. Қарасам, аналар топтасып ұсыныс жазып жатыр екен. Ойымда ештеңе жоқ, мен де өз ұсынысымды жазып, баспана керек екенін айтып қалдырып кеттім. 15 мамыр күні мені шақырды, «сізге бір бөлмелі үй сыйлыққа берілді» дейді. Өзім үй кезегінде 1 333 орында тұрған едім. Осылайша, аяқастынан үйлі болған жайым бар, – деген ананың үнінен қуаныштың лебі анық есіп тұр. Оның айтуынша, әлеуметтік көмекті 2019 жылдан бері алып келеді. Жаңа тәртіппен оған 172 мың теңге көлемінде көмек тағайындалған.
– Турасын айтқанда өзім жұмыссызбын, мемлекеттен берілетін жәрдемақымен күн көреміз. «Алтын алқа» иегері ретінде 16 500 теңге аламын, – дейді ол. Иә, баламен үйде отырған ана жағдайы да айрықша назарда тұрған жайттың бірі. Бұған дейін атаулы әлеуметтік көмектің шартты және шартсыз екі түрі белгіленіп, шартты түрі алты айға, шартсыз түрі бір жылға беріліп келгені белгілі. Отбасында жұмысқа қабілетті азамат болғанымен белгілі бір себептермен уақытша жұмыс істемейтін жағдайда шартты түрі тағайындалады да, үйінде жұмысқа қабілетті кісі мүлде жоқ және 23 жасқа дейінгі баласы оқуда болған жағдайда шартсыз АӘК беріледі. Енді бұл екеуі де тоқсан сайын тағайындалады. Ең бастысы, шартты АӘК алған отбасындағы жұмысқа қабілетті мүшелерін жұмыспен қамту бойынша барлық мүмкіндіктер қарастырылған. Нақты айтқанда, олар «Еңбек» нәтижелі жұмыспен қамтуды және жаппай кәсіпкерлікті дамытудың 2017-2021 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасы аясында көптеген жеңілдіктерге ие болады. «Егер ол одан бас тартса, АӘК беру тоқтатылады. Бұған мүгедек жандар, оқып жүрген еңбекке жарамды азаматтар, 3 жасқа дейінгі баламен және мүгедек жанды, қарттарды қарап отырған кісілер, 1 және 2-топтағы мүгедек ересектер, қарттар жатпайды. Баламен үйде отырған аналарға ерекше қарайтын боламыз. Оларға толық емес режимдегі жұмыстар ұсынылады» деген болатын министр Біржан Нұрымбетов.
Нұр-Сұлтан қаласы әкімдігі жұмыспен қамту орталығының 2020 жылдың 5 қаңтардағы мәліметі бойынша, атаулы әлеуметтік көмек бойынша 9 808 адамға кеңес берілген. Нәтижесінде, 3 мыңнан астам өтініш қаралып, 1 641 дайын нақты шешім қабылданған. Сондай-ақ атаулы әлеуметтік көмек алған отбасының барлығы кепілдендірілген әлеуметтік топтамамен қамтамасыз етіледі. Мұнда 1-6 жасқа дейінгі балаларға азық-түлік (ай сайын) топтамасы мен гигиеналық құралдар (тоқсан сайын) берілсе, 6-18 жастағы балалар мектепте ыстық тамақпен қамтылып, мектеп формасы, оқу құралдары және мектепке қатынауға жол жүру жеңілдіктері, медициналық көмек қарастырылған. Жауапты мамандардың айтуынша, бұл кепілдендірілген көмек болғандықтан, отбасы атаулы әлеуметтік көмектен қағылған күнде де беріле береді. Бұл ретте биыл мектеп жасына дейінгі 220 мыңнан астам бала, мектеп жасындағы 370 мыңнан астам бала осы кепілдендірілген топтамамен қамтамасыз етіледі.
P.S.
Өз үйің – өлең төсегің. Басыңда баспанаң болса, жақсы өмірдің бастамасы. Қазақстанда әлеуметтік саясаттың басты бағыттарының бірі – азаматтарды қолжетімді және сапалы тұрғын үймен қамтамасыз ету. Мемлекет бұл мәселеге тиісті жәрдем көрсетіп, тиімді мүмкіндіктерді барынша қарастырып келеді. Мәселен, 2019 жылы Нұр-Сұлтан қаласы бойынша, кезекте тұрған 2 900 азамат баспанаға ие болған. Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес, биыл қолжетімді баспана көлемі 3 есе ұлғайса, 2021 жылы одан да көп болмақ.