«Гранттар білім, ауыл шаруашылығы, өндірістік және өңдеу, инженерия және инженерлік іс, ветеринария, журналистика және ақпарат, әлеуметтік ғылымдар, мәдениет және денсаулық сақтау салаларына бағытталған. Өздеріңізге белгілі, мемлекеттік грант конкурсына талапкерлерден өтінім қабылдау 22 шілдеде аяқталды. Конкурс нәтижесі тамыз айының 10-на дейін жарияланады деп күтілуде», – деді облыстық Жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының басшысы Ғабит Жаңабаев.Бұл орайда мемлекеттік грантқа іліге алмай қалған үміткерлер қолдаудан қағажу қалмайтыны көпшілікке қуаныш сыйлап отыр. Яғни, мемлекеттік грантқа іліге алмай қалған әлеуметтік ахуалы төмен, белгілі санатқа жататын отбасыларынан шыққан талапкерлер облыс әкімінің грантына үміткер бола алады. Осы мақсатта құжаттарды қабылдау аудандық және Қызылорда қалалық жұмыспен қамту, әлеуметтік бағдарламалар және азаматтық хал актілерін тіркеу бөлімдерінде 5 тамыздан бастап жүргізілетінін мәлімдеп отыр. Қазіргі уақытта грантты тағайындау туралы шешімді аудан, қала әкімдіктері жанынан құрылған арнайы комиссия қабылдайды. Бүгінде 100 студенттің оқу ақысын және жүріп-тұру, тамақтану шығындарын ішінара өтеуге әлеуметтік көмек тағайындауға облыстық бюджеттен 84,8 млн теңге қаражат бөлініп, аудан, қала бюджеттеріне жеткізілген. Демек, игі бастаманың игілігін білім қуған жастар жақын күндері көретін болады. Бұл білімге құштар үкілі үміттерімізді жарқын болашаққа бастайтын үлкен мүмкіндік деп айтуға толық негіз бар. Мемлекет қамқорлығын сезінген өрендердің де ел ертеңіне деген сенімі еселене түскені анық аңғарылады.
Ербақыт ЖАЛҒАСБАЕВ, Қызылорда облысы