Тамыз айында жаңа оқу жылына дайындық басталды. Азық-түлікпен қатар оқушылардың мектеп формасы мен оқу құралдарының да бағасы шарықтап барады. Қоғамдық саясат институты нарықтағы бағаны бағамдап, зерттеу жүргізді.
Институттың дерегінше, бір жыл ішінде кеңсе тауарларының бағасы 9,9 пайызға қымбаттады. Сондықтан бір баланың мектепке керек-жарағын ең арзан бағада сатып алуға қанша қаржы кететінін зерттеп көрді.
Атап айтқанда, биыл кеңсе тауарларының ең арзаны 13 885 теңге тұрады. 22 түрлі керек-жарағы бар. Ең арзан балалар сөмкесінің құны – 6 800 теңге. Желім, қалам 50 теңге шамасында сатылып жатыр.
Мектеп формасы мен спорттық киімнің орташа бағасы – 69 980 теңге, оның ішінде қыздарға арналған форманың құны жоғары, бағасы 71 980 теңгеден басталады.
Биыл оқушыны мектепке киіндіруге ең кемінде 83 865 теңге керек.
Айта кетейік, Қазақстанда 487,6 мыңға жуық көпбалалы отбасы бар. Мемлекеттен әр балаға ай сайын 12 252 теңге жәрдемақы төленеді.
Сондай-ақ елімізде балаға сапалы білім беру, оқу бағасының қымбаттығы – басты проблемалардың бірі күйінде әлі де өзекті болып отыр. Қоғамдық саясат институты әлеуметтік зерттеу арқылы сауалнамаға қатысқандардың әрбір екіншісі білім сапасына көңілі толмайтынын анықтады.
Сондай-ақ оқу ақысы бір жылда 10,3 пайызға қымбаттаған. Оның ішінде, мектепке дейінгі білім беру – 5,8 пайыз, орта білім – 5,8 пайыз, кәсіби орта білім беру – 10,6 пайыз, жоғары білім алу 16,4 пайызға қымбаттады. Ересектердің білімін жетілдіру немесе маманды қайта даярлау ақысы 10,4 пайызға көтерілген.
Назар аударарлық жайт, зерттеу кеңсе тауарларын сататын ABDI дүкенінен онлайн тапсырыс беруге болатын бағамен есептелгенін ескеріңіз (дүкенге барып, сатып алсаңыз, баға айырмашылығы бар – ред.).
Киім-кешекті Glasman дүкенінен онлайн тапсырыспен алсаңыз ғана осы бағада қолжетімді. Оның өзінде тек қана мектеп формасының құны есепке алынған.
Зерттеу биыл шілде айында өткізілді. Сауалнама артық-кемін қоса есептегенде бас-аяғы 8 000 адамды қамтыды.