Бүгін – Абай күні! Қазақтың бас ақыны, ағартушы және философ Абай Құнанбайұлының 176 жылдығы атап өтіледі. Қала әкімдігінің хабарлауынша, Абай күніне орай бірқатар мәдени іс-шара өтеді.
«Атамекен» Қазақстан картасы» этно-мемориалдық кешенінде ақынға арналған «Абай дара, Абай дана қазақта» атты дәріс өтеді.
Сәкен Сейфуллин музейінде «Абай әлемі» атты поэзия кеші ұйымдастырылады. Кеш барысында зерттеушілермен, абайтанушылармен кездесу өтіп, ақынның шығармалары мен өлеңдері оқылады.
Орталық қалалық кітапханада сағат 11.00-де басталатын «Абай дана, Абай дара қазақта» атты поэзия сағатында ақын шығармашылығымен толығырақ танысуға болады. Осы жерде сағат 12.00-де «Абай – ұлы тұлға» тақырыбында тағы бір іс-шара өтеді. Онда елорда тұрғындары көрнекті ағартушының ғылым мен мәдениетке қосқан үлесін бағалауға, оның патриот, азамат және ақын ретіндегі тұлғасының маңыздылығы туралы түсініктерін кеңейтуге мүмкіндік алады.
Сағат 12.00-де №2 қалалық кітапханада Мұхтар Әуезовтің «Абай жолы» шығармасына арналған әдеби сағат өтеді.
Ұлы ақынның қалыптасуы туралы тыңдап қана қоймай, өмірі туралы әдеби композицияны Қуыршақ театрында тамашалауға болады. Мұнда сағат 16.00-де К.Ежембектің «Жарық сәуле» қойылымы сахналанады.
Сондай-ақ қала тұрғындары мен қонақтары «АЛЖИР» мемориалды-мұражай кешенінде «Абайдың қуғын-сүргінге ұшыраған ұрпақтары мен туыстары» көрмесін тамашалай алады. Көрмеде Абайдың туыстары мен ұрпақтарының фотосуреттері көрсетіледі.
Ал Орталық кітапхана «Аққуға үнін қосқан – кемел дарын» атты көрмелер циклін бастайды. Көрмеде Абайдың ғана емес, халқымыздың өзге де жазушылары мен ақындарының шығармашылығымен танысуға болады.